Басты Жаңалықтар Түркі елдері төтенше жағдайларда бірігеді

Түркі елдері төтенше жағдайларда бірігеді

Түркі мемлекеттері төтенше жағдай кезінде бірлесе әрекет ететін болды. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім ратификацияланды. Тетіктің мақсаты – жер сілкінісі, су тасқыны, өрт сияқты апат кезінде елдердің күшін біріктіріп, жедел көмек көрсету. Ұйым зардап шеккен мемлекеттің өтініші бойынша жұмыс істейді. Яғни, апат болған ел ресми түрде көмек сұраса, басқа мемлекеттердің құтқарушылары, дәрігерлері және арнайы техникасы жіберіледі. Негізгі міндеттері – адам өмірін сақтау, мүлікті қорғау, медициналық және гуманитарлық көмек көрсету. Тағы бір ерекшелік– ортақ кәсіби стандарттар енгізу және бірлескен оқу-жаттығулар өткізу. Бұл түрлі елдердің құтқару қызметтерінің үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Геннадий Шиповских, Сенат депутаты:
Аталған заңды қабылдау Қазақстанның түркі мемлекеттерімен төтенше жағдайларға әрекет ету саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға, халықтың қауіпсіздігін арттыруға және төтенше жағдайларға дайындық деңгейін күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келеді және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға өз үлесін қосады.


Бөлісу