БҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасы нәтиже беруде
Батыс Қазақстан облысы тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен кәсіп ашып, төрт түлікті түлетіп отыр. Былтыр аймаққа 5,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Жаңақала ауданы Бірлік ауылының тұрғыны Әсемгүл Бисекенова қайтарымсыз грант алып, наубайхана ашқан. Оған дейін үйден тәттілер пісірген. Кейін ауылдықтар «ас атасын» қаладан, аудан орталығынан алдыратынын ұғып, нан пісіруді қолға алған. Енді бағдарлама аясында кәсібін кеңейтіп, жаңа ғимаратқа көшпек.
Ақсамал Кереева, Бірлік ауылының тұрғыны:
Бұрын наубайхана ауылымызда болмаған. Осы наубайхана ашылып, қатты қуандық. Нандары да, пирогтары да, торттары да бәрі өте дәмді, тәтті.
Әсемгүл Бисекенова, кәсіпкер:
Былтыр «Ауыл аманатымен» тағы да несие алдық, кәсіпті үлкейту мақсатында. Осы наубайханамызда торт, пирог, бәліштердің түр-түрі пісіріледі. Кәсібім жақсы, күнделікті дүкендерге, ауыл дүкендеріне, көрші ауылдарға нан тасимыз. Күніне 150 нан пісіреміз.
Ауыл тұрғындары сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, көлік жөндеу, көлік жуу орындарын ашқан. Ауылда жиһаз жасап, оны қалалықтарға сатып, табыстың кілтін тапқан шеберлер де бар. Ал Тасқала ауданында соңғы үш жылда 92 адам 651 млн теңге несие алған. Қаражат негізінен мал, сүт, құс шаруашылығын дамытуға жұмсалған. Мереке ауылдық округіне қарасты қыстақта да ағайындылар Бөкей ордасы ауданынан көшіп келіп, 3700 га жер алған. Тұрғын үй, қоражай салып, етті бағыттағы герефорд асылтұқымды мал басын көбейтіп отыр. Несиеге шетелден мал, лизингке арнайы техника сатып алған. Сиыр басына субсидия алып отыр. Енді тек малға суат мәселесі шешілсе дейді.
Асхат Жолаев, шаруа қожалықтың басқарушысы:
Герефорд деген сиырды Хакассия деген жерден, Ресейден алып келдік. Бесінші төлді алып жатырмыз. Келгенімізге үшінші қыс осы жерге. Негізінен ірі қара малы, сосын жылқым бар. Мемлекеттен субсидия аламыз, бәріне үкімет жақсы қолдап, көмектесіп жатыр.
Рауан Рахметуллин, Тасқала ауданы әкімінің орынбасары:
Қазіргі уақытта Шежін ауылдық округінің «Ағайын» кооперативі 325 млн теңге несие алды. Жүн қабылдау және қой шаруашылығына. Енді біз сол кооперативтер арқылы ауыл тұрғындарының басын біріктіріп, қой жүнін қабылдап, етін экспортқа шығарғымыз келіп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы