Басты Жаңалықтар Алматыда 27 см қар жауды

Алматыда 27 см қар жауды

Алматыда кеше кешкісін бастап жауған қалың қар қала тіршілігіне әсер етті. Ақ ұлпа толассыз жауып, таңға дейін шамамен 27 сантиметр қар түсті. Осыған байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Қазір бізбен тікелей эфирде әріптесім Қуан Нұрақын мегаполистегі ахуалдағы баяндауға әзір. Қуан, сіз байланыстасыз.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қайырлы күн. Қазір қала көшелерінде 75 жедел бригада, 2700 жұмысшы және 1200-ден аса арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жолдарға көктайғаққа қарсы қоспа себіліп, түннен бері негізгі жолдар қардан тазартылуда. Жаяу жүргіншілер жолағы, аялдамалар, өткелдер мен пандустар да қардан аршылып жатыр. Синоптиктердің болжамынша, жауын-шашын бүгін тоқтайды. Ауа температурасы -6-8 градусқа дейін төмендейді. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақ болуға шақырса, полиция  жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, арақашықтық сақтауға үндеді. Ал тұрғындардан қар тазалайтын техникаға кедергі келтірмей, көліктерін жол жиегіне қоймау сұралады. Коммуналдық қызметтер қала көшелерін тазалауды жалғастырып жатыр.


Бөлісу