Өңір тұрғындары Конституциялық реформаға қолдау білдірді
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған жалпыұлттық коалиция мүшелері Ұлытауға барды. Өңір тұрғындарымен кездесіп жаңа Конституция жобасындағы негізгі басымдықтарды түсіндірді. Сондай-ақ өндіріс орындарын аралап, жұмысшыларға жасалған еңбек жағдайымен танысты.
Серке театрында өткен кездесуге депутаттар, заңгерлер, білім мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері және өңір тұрғындары қатысты. Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жаңа Конституция жобасындағы білім беру, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамытуға, сондай-ақ ұлттық бірегейлік пен тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған нормаларға ерекше назар аударды. «Мұның бәрі ұлттық болмысымызды сақтауға және рухани құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам» деп атап өтті. Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Ақылбай, ғалым Нұрлан Дулатбеков халыққа жаңа өзгерістердің маңызы туралы айтты.
Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздің мемлекетіміздің берік болуы халықтың бірлігіне тікелей байланысты. Бір мақсатқа жұмылуына тікелей байланысты. Осы Ата заңның негізгі жобасында біздің халықтың ішкі бірлігі, сыртқы дипломатиялық қарым-қатынасты нығайтуға аса мән берілген.
Кездесуде сөз алған қатысушылар жаңа Конституция жобасы қоғам тарапынан тек құқықтық құжат ретінде ғана емес, адами капиталды дамытатын құндылық ретінде қабылданып отырғанын атап өтті.
Айбек Әміртегі, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Референдум дегеніміз әрбір азаматтың өзінің пікірін білдіруге мүмкіндік беретін құрал. Ең біріншіден адамдардың өз мемлекетінде болған өзгерістерді тікелей біліп, оның дұрыс таңдау жасауы. Сондықтан 15 наурыз күні сол науқанға қатысамын өзім.
Сәкен Қайратұлы, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Бұл Конституцияны біз, яғни жастар қолдауымыз қажет. Себебі, алдағы уақытта бұл өзгерістермен біз өмір сүреміз.
Жалпыұлттық коалициясы мүшелері «Kazkat» зауытының ұжымымен кездесті. Жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары мен алдағы республикалық референдумның маңызы туралы айтып берді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаты – адам құқықтары мен бостандықтарын және еңбеккерлердің құқықтарын қорғау екенін атап өтті. Кәсіпорын жұмысшылары өз кезегінде конституциялық реформаны қолдайтындарын айтты.
Алтынай Алпамысова, металлург:
Біздің Конституциямызда адамның өмірі, құқығы, бостандықтары ең жоғары мәртебеге ие деп көрсетілген. Ол бізге еңбек адамдарына жүктелген жауапкершілік пен сенім деп есептеймін. Еліміз даму үшін үлкен еңбек керек. Біздің еліміздің болашағы білімді, еңбекқор азамат пен азаматшалардың қолында деп есептеймін. Баршаңызды Референдумға қатысып жаңа қазақстандық қоғамды бірге құруға шақырамын.
Аида Балаева бастаған делегация Сәтбаев қаласында ұстаздар қауымымен де кездесті. Талқылау барысында жаңа Конституция жобасының білім беру ортасына, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және адами капиталды дамытуға тікелей қатысты нормаларына ерекше назар аударылды. Зайырлы білім беру қағидаттарын нығайту және барлық бала үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берілгені айтылды. Заңгер Серік Ақылбай конституциялық өзгерістердің құқықтық маңызына тоқталып, Ата Заң нормалары тек тұжырым күйінде қалып қоймай, адамның мүддесіне қызмет етуі қажет екенін атап өтті.
Серік Ақылбай, Заңгер, Жалпыұлттық коалиция мүшесі:
Қазіргі уақытта бүкіл дамыған мемлекеттер Қазақстанға Орта Азиядағы үлкен көңіл бөліп жатыр. Бізде ең бастысы бейбітшілік бар, бірлік бар. Бізде нағыз инвестиция әкелетін заңдар бар. Жаңа Конституцияда ол одан сайын нығая түспек.
Балзия Ералиева Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицей мұғалімі:
Мен педагог ретінде Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістерге қолдау білдіремін. Себебі, білім саласында енгізіліп жатқан өзгерістер өте маңызды. Бұл бүгінгі таңдағы заманның талабы. Конституцияда білім саласында ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту, инклюзивті білім беруді дамыту туралы өте жақсы көрсетілген.
Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің сапары Шығыс Жезқазған кенішінде түйінделді. Аида Балаева жаңа Конституция жобасы ең алдымен азаматтардың мүддесіне бағытталғанын және еңбек ұжымдары үшін айрықша маңызды құндылықтарды бекітетінін атап өтті. Жаңа Конституция жобасында өндірістегі қауіпсіздік қазіргі заманғы әлеуметтік саясаттың негізгі стандарттарының бірі ретінде қарастырылған. Кездесу барысында өндіріс өкілдері де сөз алып, еңбек ұжымының ұстанымын білдірді. Олар кеншілер қауымы үшін ең алдымен өндірістегі қауіпсіздік, тәртіп, әлеуметтік қорғалу маңызды екенін айтты.
Тұрсынбек Мәкішев, кенші, Қазақстанның еңбек ері:
Ата заңның ұлы далада мыңдаған жылдар салтанат құрған мемлекеттік жүйелердің сабақтастығы бар. Әділдік, заң мен тәртіп қағидаттарының негізгі ұстанымдары алынған. Еліміздің егемендігі, аумақтық тұтастығы құндылық болып, мызғымас құндылық болып бекіп отыр.
Ел болашағын айқындауда азаматтардың қатысуы маңызды. Ал, еңбек ұжымдарының бұл бастаманы қолдауы қоғамның конституциялық өзгерістерге деген жоғары қызығушылығын айқын көрсетеді дейді коалиция мүшелері.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы