Әуе рейстері кешігіп, жолдар жабылды
Самал Қабышева, тілші:
Қолымдағы телефонда ауа райы -20 градусты көрсетіп тұр. Бірақ әсері -30°. Боран салдарынан бір орында тұру да қиын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана әуежайында рейстер кешігіп жатыр. Ел ішіндегі және халықаралық бағыттар бойынша 19 рейстің келу уақыты, ал 11 рейстің ұшу уақыты кейінге шегерілген. Сондай-ақ бірнеше рейс уақытша тоқтатылды. Өзгерістер негізінен Алматы, Шымкент, Қостанай, Өскемен, Қызылорда, Жезқазған, Семей, Түркістан, Ақтөбе және басқа бағыттарға қатысты. Синоптиктердің болжауынша, бүгін Астанада қар, боран және тұман болуы мүмкін. Желдің екпіні 23 метр секундына дейін жетеді. Жолаушылардан рейстердің нақты уақытын әуе компанияларынан немесе әуежайдың онлайн таблосынан алдын ала тексеріп алуды ескертеді. Ал «ҚазАвтоЖолдың» соңғы ақпаратына сәйкес, ауа райының қолайсыздығына байланысты Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Мәселен, жарты сағат бұрын «Сарыөзек – Көктал» автожолының 40-68 шақырым аралығында, яғни Алтын Емел ауылы маңы жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысы шектелді. Мамандардың мәліметінше, жолды ертең 11 наурыз сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланып отыр. Жол қозғалысына қатысты кез келген ақпаратты 1403 байланыс орталығына хабарласып білуге болады. Орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Синоптиктер тұрғындарға сыртқа тек қажеттілік болса ғана шығуға, жылы киініп, желден қорғануға кеңес береді.
10-ға жуық көлік соқтығысып, 1 адам қаза тапты
Елімізде соңғы 3 күнде 200-ге жуық адам қар құрсауынан құтқарылды. Оның басым бөлігі Қарағанды облысында. Бүгін өңірде ауа райы нашарлап, ірі жол апаты болды. 1 адам қаза тапты. Қазір өңірдегі тілшіміз Жандос Бақытұлы тікелей байланыста. Жандос, жолда қалғандардың жағдайы қалай?
Жандос Бақытұлы, тілші:
Арқада әлі де долы боран ысқырып, аяз сынбай тұр. Ақтүтек боранда Астана-Қарағанды тас жолында 10-ға жуық көлік соқтығысып, 1 адам қаза тапты. Тағы бір жолаушы ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қалған 50-ден аса жолаушы қауіпсіз жерге орналастырылды. Ал құтқарушылар соңғы бірнеше сағатта 120-ға жуық адамды жылыту пунктіне жеткізіп, көмек көрсеткен. Құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда. Бүгінде республикалық маңызы бар барлық жол учаскелері жабық. Өңірдегі жағдай еш өзгеріссіз қала бермек. Сақылдаған сары аяздың әзір саябырситын түрі жоқ. Қазірдің өзінде ауа температурасы 25 градус, «Қазгидромет» 30-ға дейін төмендейді деп болжады. Сондықтан алыс жолға шықпау керек деп ескертеді жол полициясы. Ал қарлы боранның кесірінен қала ішіндегі көлік қозғалысы да қиындап, коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Аяз күшейді:
Шымкентте жеміс ағаштарын үсік шалуы ықтимал
Көктемді
мерзімінен бұрын қарсы алған Шымкентте күн күрт суып, қалың қар жауды. Мұндай
ауа райы шаруалар мен бағбандар үшін оңайға соқпай тұр. Өңірдегі ахуалды
әріптесім жеткізсін. Ернұр, көктемгі егіске кіріскен шаруалар шығынға батпай
ма, жағдай қалай?
Ернұр Уәлихан,
тілші:
Күн күрт суытып, шаруалар алаңдаулы. Аяз бірнеше күнге созылады дейді синоптиктер. Қазірдің өзінде -12 градус. Түркістан облысының таулы аймақтарына да қалың қар түсті, ауа температурасы -20 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Ерте гүлдеген жеміс ағаштарын үсік шалып, биылғы өнімге кері әсер етуі мүмкін. Қала аумағында бірде-бір шаруашылық өзін оқыс жағдайға сақтандырмаған екен. Жауаптылардың айтуынша, ауа райының күрт суытатыны туралы шаруаларға ақпарат жіберілген. Қазір олар жылыжайдағы көкөністі үсік шалмау үшін от жағып, қам жасауда. Жалпы қала аумағында 5 мың гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Жолда қалғандар жоқ, көктайғаққа байланысты тек Жамбыл облысына баратын бағыт уақытша жабылды.
Автор
Самал Қабышева
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Елдегі энергия саласының әлеуеті артады
10.03.2026, 20:56
Ербол Хамитов Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды
10.03.2026, 20:49
Өңір тұрғындары Конституциялық реформаға қолдау білдірді
10.03.2026, 20:16
Шетелге саяхаттау қауіпсіз бе?
10.03.2026, 20:16
Сыртқы Істер министрлігі ескерту жасады
10.03.2026, 20:12
Зейнетақы шотындағы артық ақшаны емге пайдалануға қайтадан рұқсат етілмек
10.03.2026, 20:12
Елімізде былтыр 20 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
10.03.2026, 20:10
Референдумды 359 халықаралық байқаушы бақылайды
10.03.2026, 20:09