Басты Жаңалықтар Былтыр Түркістан облысына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылған

Былтыр Түркістан облысына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылған

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті де қабылдады. Әкімнің айтуынша, өңірдің экономикалық өсімі 113,9 пайызға жеткен. Былтыр аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция, соның ішінде 1,4 триллион теңге жеке инвестиция тартылды. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларға жетті. Президентке былтыр жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғаны баяндалды. Өңірде ауыл шаруашылығында мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі кластерлері дамып келеді. Бұл жобалар толығымен іске қосылғанда, яғни 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:

25 жылдың қорытындысымен Түркістан өңірінде алғаш рет мемлекеттік салық түсімдер 1 трлн теңгеден асқанын айтып шықтым. Мемлекет басшысымен нақты тапсырмалар берілді. Инвестиция бағытында әрі қарай қарқынды жұмыс істеуге, кластерлік бағытты одан әрі дамыту бойынша, халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша, инфрақұрылым бойынша жұмысты жалғастыруға тапсырма берілді.


Бөлісу