Басты Жаңалықтар Ертең Паралимпиада ойындары басталады

Ертең Паралимпиада ойындары басталады

Ертең Италияда он төртінші Қысқы Паралимпиада ойындарының алауы тұтанады. Жарыста Ұлттық құраманың 7 пара атлеті ел намысын қорғайды. Бұл Қазақстан сапынан ең көп спортшы қатысқалы жатқан байрақты бәсеке. Олар спорттың 2 түрі бойынша жүлдеге таласады. Отандастарымыз медаль алуы мүмкін бе? Осыған дейінгі Ақ ойындарда қандай нәтиже көрсетті? Милан-Кортина Паралимпиадасы. Бұл Қазақстан спортшылары қатысқалы жатқан тоғызыншы Ақ ойын. Қазірге дейін қоржында 1 медаль жиынтығы, яғни 3 жүлде бар.

Спортшыларда 11 лицензия бар. Байрақты бәсекеде атлеттер спорттың екі түрінен бақ сынайды. Ол пара шаңғы жарысы мен пара биатлон. Қатысушылар 29 қашықтық бойынша жарыс жолына шығады.

Анна Грачёва, Владислав Кобаль мен Нұрлан Әлімовтің бірінші Паралимпиадасы. Олар шаңғы жарысынан жүлдеге таласады. Қалған 2 атлет екінші рет, тағы екеуі үшінші рет төртжылдықтың басты бәсекесіне қатысады.

Ең жасы: он жетідегі шаңғышы Владислав Кобаль. Үлкені: Сергей Усольцев, 51 жаста.

Ержан Нұрбеков, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының Паралимпиадалық спорт бөлімінің басшысы:

Паралимпиада, Сурдлимпиадалық спортшыларды Олимпиадалық спортшылармен бірге мемлекеттік қолдау жағынан теңестірді. Мәселен, 1 орынға – 250 мың доллар, 2 орын - 150 мың доллар, 3 орынға - 75 мың доллар. Алтыншы орынға дейін береді. Сондай-ақ үш орын алғандарға пәтерлер беріледі. Ол жергілікті орган атынан.

Қысқы Паралимпиаданың ең алғашқы жүлдесі Лиллехаммерде бұйырды. Шаңғышы Любовь Воробьева күміс еншіледі. Араға 24 жыл салып, Пхенчхандағы додада Александр Колядин чемпион атанды. Бейжіңдегі сында Александр Герлиц қолаға қол созды. Александр үшінші рет Ақ Ойынында тағы жүлде үшін күреседі.

Ұлттық құраманың тағы бір үкілеген үміті: Ербол Хамитов. Отандасымыз үшін өткен үш маусым табысты болды. 31 жылдан соң «Гауһар глобусқа» ие болды. Пара биатлоннан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Әлем кубогы кезеңдерінде бірнеше рет топ жарды.

Италиядағы жарыс ертең басталып, наурыздың 15-і аяқталады. Паралимпиадаға 56 елдің 600-ден астам өкілі қатысады. Олар спорттың 6 түрінен 79 медаль жиынтығын сарапқа салады. Ақ Ойындардың ашылу салтанатында Мемлекеттік Туды Ербол Хамитов ұстап шығады. Шара Астана уақытымен түнгі 23:50-де басталады. Жарыстарды «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Отандастарымызға бірге жанкүйер болайық.

Бөлісу