Шетелдегі күмәнді жұмыс: ІІМ қазақстандықтарды ескертті
Интернет арқылы ұсынылатын «жалақысы жоғары» шетелдік жұмыс орындарына сенбеңіз. Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті азаматтарды сақ болуға шақырды. Мұндай жарнамалар көбіне Telegram-арналар, WhatsApp-топтар мен түрлі онлайн-платформаларда тарайды. Алаяқтар «тәжірибе мен білім қажет емес», «жол шығынын өзіміз өтейміз» және «жоғары жалақы төлейміз» деген жалған уәделермен арбауға тырысады. Алайда ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, шетелге барған сәтте азаматтар төлқұжат пен жеке құжаттардан айырылу, қозғалыстың шектелуі, интернет-алаяқтықпен айналысуға мәжбүрлеу сияқты қиындықтарға тап болуы мүмкін. Кейін еңбекақының төленбеуі, елге қайту немесе «бостандық» үшін ақша талап ету сияқты кедергілер болады. Полиция қызметкерлері шетелде жұмысқа тұруды тек лицензияланған агенттіктер арқылы рәсімдеуге кеңес береді. Сондай-ақ жеке мәліметтер мен құжаттарды бөгде тұлғаларға бермеуді ескертеді. Күмәнді жағдай туындаса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласқан жөн.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы