Басты Жаңалықтар Бельгияда Конституция жобасы талқыланды

Бельгияда Конституция жобасы талқыланды

Жаңа Конституция жобасы мен алдағы референдум Брюссельде талқыланды. Шара еліміздің Бельгиядағы елшілігінің «Шаңырақ диалогтары» атты жаңа пікірталас алаңының ресми ашылуы аясында ұйымдастырылды. Басқосуға қатысқан Еуроинституттардың, сарапшылар қауымдастығы мен БАҚ өкілдері Қазақстандағы соңғы реформаларды кеңінен талқылап, өз бағаларын берді.

«Шаңырақ диалогтары» Қазақстанға қатысты кез келген мәселені сарапшылар қауымдастығымен еркін талқылауға арналған ашық алаң. Пікірталас платформасына жиналғандардың пайымынша, соңғы реформалар елдің мемлекеттік басқару моделін, саяси жүйесін түбегейлі өзгертіп, заңның үстемдігін арттыруға бағытталған нық қадам. Спикерлер жаңа Конституцияны қабылдау - Қазақстанның ЕуроОдақ елдерімен стратегиялық әріптестігіне тың серпін беретініне сенімді. 

Эдуард Стипрайс, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:

Қазақстан – ерекше ел әрі Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтың қуатты қозғаушы күші. Елдеріңіз Еуропалық Одақ үшін де өте жауапты халықаралық серіктес. Қазақстан өзінің даму перспективаларына айқын көзқарасы бар аймақтағы заманауи мемлекет. Жаһандық аренадағы маңызды ойыншы.

«Жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтарын  цифрлық ортада қорғау мәселесі конституциялық деңгейде айқындалғаны жоғары бағаға лайық», - дейді еуропалық сарапшылар. Бұл адамның жеке өміріне қол сұғуға жол бермей, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Мишель Де Кемметер, «Club of Brussels» халықаралық сараптама желісінің негізін қалаушы:

Адам құқы мәселесін талқылауға халықты жұмылдырып, мүдделі тараптардың кеңесіне құлақ түру сынды ауқымды шаралар атқарылғанына тәнтімін. Бұл шынында адамға бағытталған Конституция болары сөзсіз. Қазақстанның осы тәжірибесін институционалды тұрғыдан бір орында тұрып қалған менің елім Бельгияға енгізсек жақсы болар еді. Сол үшін Елшілеріңізден жол картасымен бөлісуді сұрадым.

Ата заң жобасында Тәуелсіздікті нығайту, ұлттық мүдде, білім мен ғылым, инновацияны дамыту сынды өзекті мәселелерге басымдық берілгенін де сарапшылар қызу талқылады. Тың өзгеріс қоғамдық келісімді күшейтіп, Қазақстанның бәсекеге қабілетін арттырады, дейді шетелдік сыншылар.


Бөлісу