Сенім салтанаты
Бүгін Ақордада Қазақстан Президентіне сегіз мемлекеттің Төтенше және Өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты шара жайлы тілшіміз толығырақ тарқатады.
Жаһаннан тұрақтылық тайып, турболенттік ахуал асқынып тұрған тұста сенім – ең қымбат валюта. Бүгін Ақорда ақ лебізін құшағына салып келген елшілерді қабылдап жатыр. Әлемнің төрт бұрышынан сегіз елдің өкілі селкеусіз сенімін білдірмек.
Төрт құрлықты қамтыған сегіз елдің географиялық орналасуы һәм алуандығы – Қазақстанның сыртқы саясаттағы дипломатиялық дидарын, бай биографиясын айқындайды. Мемлекет басшысы елшілерден сенім грамотасын қабылдап, елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси даму перспективасы жөнінде әңгімеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан аймақтағы тұрақты әрі экономикасы қарқынды ел саналады. Дегенмен біз қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімей, экономикалық реформаларды дәйекті түрде жалғастырып келеміз. 15 наурыз күні елімізде жаңа Конституция бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Мемлекетті одан әрі өркендету жолындағы бұл маңызды құжатты халқымыз қолдайды деп ойлаймыз. Жаңа Конституция Қазақстанда қолға алынған іргелі өзгерістерге берік негіз қалап, демократияландыру мен жан-жақты жаңғырту ісіне қомақты үлес қосады, сол арқылы елімізді дамытуда тың мүмкіндіктерге жол ашып, халықтың әл-ауқатын арттырады деген үміттеміз.
Ослодан Буэнос-Айреске дейін, Африка құрлығынан Азияның оңтүстік жағалауларына дейінгі елдердің елшілері Ақордаға келді. Қазақстанға сенім грамоталарын тапсырған жаңа елшілердің географиясы – нағыз дипломатиялық панорама. Норвегия Корольдігінің, Аргентина, Гана, Мали, Гамбия республикаларының және Бангладеш Халық Республикасының, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының, сондай-ақ Босния және Герцеговина елшісі сенім грамотасын табыстады.
Мұхаммед Назрул Ислам, Қазақстандағы Бангладеш Халық Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:
Мен бүгін Қазақстанның Президентіне сенім грамотасын табыстағаныма қуаныштымын. Бангладеш пен Қазақстан достық қатынастағы елдер, сан түрлі салада байланыс бар. Әсіресе, энергетика сияқты салада бірлесе одан әрі дамуға мүдделіміз.
Иван Орлич, Қазақстандағы Босния және Герцеговинаның төтенше және өкілетті елшісі:
Кеше сіздердің сыртқы істер министрінің орынбасарымен өте сәтті кездесу өтті. Біз екі ел арасындағы байланысты талқыладық. Оның ішінде, студенттер мен бизнес өкілдері арасындағы тәжірибе алмасу бағытын және туристер туралы пікір алмастық. Біз Қазақстан азаматтары үшін Босния және Герцеговина аумағында 30 күнге визасыз режимді енгізейін деп отырмыз.
Энрике Игнасио, Феррер Виейра Қазақстандағы Аргентина Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:
Қазақстан мен Аргентина арасында байланыс көп бағытты қамтиды. Біз оны одан әрі арттығымыз келеді. Аргентинада өндіріс, энергетия сияқты салалар жақсы дамыған. Қазақстан тарапынан да біздің елге ұсынар бағыт көп. Мысалға, технология жағынан Қазақстанның бізге көмегі тиер еді. Бүгінгі салтанатты шарадан кейін мен бірқатар министрліктердің өкілдерімен кездесулерді асыға күтемін.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбіт сыртқы саясат жүргізетінін айтып, әлемдегі барлық қақтығыстар дипломатиялық құралдар арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Шығанақ елдеріне әрдайым тілектес екенін және шиеленістің тезірек шешілуіне үміт артатынын айтты. Кездесу соңында Президент шет мемлекеттер елшілерінің жауапты қызметіне табыс тіледі. Дипломатия – ел мен елді жалғаған көне көпір.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы