Басты Жаңалықтар «Стрептоцид» препаратының сериясына тыйым салынды

«Стрептоцид» препаратының сериясына тыйым салынды

«Стрептоцид» дәрілік препаратының бір сериясына тыйым салынды. Шешімді Денсаулық сақтау министрлігі қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті қабылдады. Ресми мәліметке сай, «Химфарм» акционерлік қоғамы өндірген препараттың енді сатуға және медициналық мақсатта қолдануға болмайды.

Айта кету керек, бұл сульфаниламидтер тобына жататын, микробтардың өсіп-өнуін тежейтін препарат.
Бауыржан Жүсіпов, ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:
Бұл дәрілік заттың адамға зиян келетін ерекшелігі анықталған жоқ. Бұл көбіне таблетканың сипаттамасына байланысты. Структурасы қаттырақ болу керек. Ал бұл серияда структура кішкене жұмсақтау болып шығарылған. Сол себептен ол бекітілген құжаттарға сәйкес келмейді. Бұл параметр дәрінің химиялық құрамына әсер етпейді.
Бұған дейін Германияда өндірілетін, жүрек-тамыр ауруларын емдеуге арналған «Изоптин» препараты сатылымнан алынып, тіркеу куәлігінің күші жойылған еді. Жалпы, Қазақстанда жыл сайын 1800-ге жуық дәрілік зат зертханалық тексерістен өтеді. Өткен жылы шамамен 100 препарат бойынша ескерту жасалған. Көбіне кемшіліктер таңбалау талаптары мен нұсқаулық мәтініндегі сәйкессіздіктерге қатысты. Дәрілік заттар сараптама қорытындысына сәйкес кемшіліктерді түзетсе ғана қолданысқа жіберіледі. Талаптар орындалмаған жағдайда өнім тіркеу куәлігінен айырылады. Ал егер препараттың химиялық құрамы өзгерсе, сатуға шұғыл тыйым салынады.


Бөлісу