Басты Жаңалықтар Қазақстан әлемдегі экономикасы дамыған ең ірі 50 елдің қатарына енді

Қазақстан әлемдегі экономикасы дамыған ең ірі 50 елдің қатарына енді

Соңғы жылдары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтерілді. Іргетасы берік алдыңғы қатардағы елдердің қатарына қосылды. Жалпы ішкі өнім өсті. Шетелдік инвестиция артты. Ғылым мен білім дамып жатыр. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында Премьер-министр осылай жазды. Олжас Бектеновтің айтуынша, алдағы жоспарлар да ауқымды. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму моделінде жүйелі өзгерістер болды. Президент тұрақтылықты қамтамасыз етіп, Қазақстан серпінді даму жолына түсті. Жаһандық пандемия, инфляция және геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, ел экономикасы орнықты өсім траекториясына шықты. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 6,5 пайызға өсіп, көлемі 305,9 млрд долларға жетті. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллар болды. Осылайша, Қазақстан әлемдегі экономикасы дамыған ең ірі 50 елдің қатарына енген. Бұл деректер Премьер-министрдің мақаласында келтірілген.

Ерділда Тәутенов, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:

Бұл әрине біз үшін үлкен жетістік.Бірақ бұл жерде 6,5 пайызда тек қана сандық мағына емес, мен сапалы мағынасын көріп отырмын, яғни бұл соңғы жылдары атқарылып келе жатқан мына жалпы экономиканың фундаменті десек осы мына экономиканы әртараптандыру, салалардың дамуына, бизнестің дамуына жағдай жасау деген сияқты мәселелерді айтатын болсақ, сол жалпы кешенді жасалып жатқан жұмыстың нәтижесі деп білемін.

Соңғы жеті жылда өңдеу өнеркәсібі 2,5 есеге артты. Экономика құрылымында шикізаттық емес секторлардың үлесі ұлғайып, әртараптандыру бағыты күшейді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі екі есеге өсіп, 22,7 трлн теңгеге жеткен. Қаржының басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, инфрақұрылымға, энергетика мен агроөнеркәсіп кешеніне бағытталды.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ал ғылым мен білім саласын қаржыландыру бес есеге дейін ұлғайған. Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтерге бөлінетін қаражат 3,7 есеге артты. Энергетика саласында да, ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2027 жылға қарай Қазақстан электр энергиясы тапшылығынан толық арылып, профициттік деңгейге өтпек.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Қазір Ресейден 3,5 млрд кВт электр энергиясын импорттайтын мемлекетке айналып қалдық. Яғни соңғы 10 жылда біздің энергетика саясатымыз дұрыс болмады. Мұны президенттің өзі де айтып жатыр. Сондықтан атом электр станцияларын құру мәселелерін біз өте жеделдетуіміз керек. Мүмкіндігінше баламалы, жасыл энергетикаға өтуіміз керек. Мүмкіндігі бар жерлерде су электр станцияларын да көбейтуіміз керек.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Әлеуметтік қолдау жүйесінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асып, жеті миллионнан астам баланың есепшотына 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылды. Сондай-ақ 1 300-ден астам жаңа мектеп салынды, апатты және үш ауысымды білім ордаларының саны айтар­лық­тай азайып, материалдық-тех­ни­калық база жаңартылды.

Бүгінде елімізде цифрлық трансформация процесі қарқынды жүзеге асып жатыр. 2019 жылдан бері Қазақстан жеке­леген қызметтерді цифрландыру­­дан бастап, оның кең ауқымды моде­­­ліне дейінгі жолдан өтті. Еліміз БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 елдің ішінде 24-орында тұр және онлайн сервистер деңгейі бойынша әлем­­дік көшбасшылардың ондығына кіреді. Қазір Қазақстан дамудың тарихи кезеңінде тұр. Мемлекет басшы­сы­ның бастамасымен кең ауқымды ашық талқылау қорытындысы бойынша және қазақстандық қоғам­ның бар­лық сала өкіл­­дерінің пікірі еске­рілген еліміздің түбе­гейлі жаңа Конс­ти­ту­ция­­­­сының жоба­сы әзірленді.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

Қазір заман талабына сай бізге жаңа нормаларды енгізу керек болып тұр. Негізгі өзгеріс біздің билік тармақтарына қатысты, сонымен қатар жаңа құқықтар. Өйткені қазір цифрлық орта дамып жатыр, жасанды интеллект келіп жатыр. Адам құқықтары тек қоғамдық ортада ғана емес, цифрлық ортада да қорғауды қажет етеді.

Жалпы алғанда соңғы жылдар Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инвестиция тарту, ғылым мен білімді дамыту және инфрақұрылымды жаңғыртуға үлкен көңіл бөлді. Қазір соның нәтижесін көріп отырмыз.


Бөлісу