Биыл 9 мың шақырымға жуық автожол жөнделеді
Алдағы үш жылда 32 мың шақырым жергілікті жолдар нормативтік жағдайға келтірілмек. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов автожол саласын дамыту мәселелері бойынша Үкімет отырысын өткізді. Онда Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға, оның ішінде жаңа автожол жобаларын іске асыру, өңіраралық желіні дамытуға назар аударылды. Сонымен биыл қандай ірі жобаларды бастау жоспарланып отыр? Азамат Бейбітұлы тарқатады.
Азамат Бейбітұл, тілші:
Атыраудан Алтайға дейін сапарласаңыз, Германия мен Францияны үш рет басып өтетін жолмен тең екен. Сондықтан бұл сала бізде қашанда өзекті. Ақырындап, шақырымдап жол төселіп те, жөнделіп те жатыр. Биыл 9 мың шақырымға жуық автожол қалпына келтіріледі. Сондай-ақ осы жылы бірқатар ірі жобалар басталады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
«Қарағанды – Жезқазған», «Бейнеу – Сексеуіл» және басқа да жобалар бойынша биыл барлық қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтап, қаржыландыру және жер учаскелерін резервке қою мәселелерін шешу керек. Астана, Арқалық және Ырғызды байланыстыратын «Орталық – Батыс» жобасын жеделдету қажет.
60 мың арыз-шағым. Былтыр жолға қатысты тұрғындардан осынша ескерту түскен. Биыл да аз емес. Үкімет басшысы санын да, сынын да біліп отыр. Сондықтан сапа – басты назарда. Енді құрылысқа қолданылатын материалға да аса мән берілмек..
Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:
Көп интенсивті қозғалыс кезінде және ыстық кезінде асфальт шыдамайды. Осыған байланысты жазғы мезгілді жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Бұл транзиттің дамуына кедергі келтіреді. Ал цемен, бетон жабыны ауыр жүктерге төзімді, қызмет ету мерзімі 40 жылға жетеді. Осындай жағдайда транзит дәліздерде жол жабынын дұрыс таңдау маңызды.
Бұдан бөлек, жол сапасын бақылау үшін жасанды инттелектіге иек арту көзделген. Алгоритм алданбайды, есеп дәл болады. Есеп демекші, биыл ақылы жолдардан 100 млрд теңге түсуі мүмкін.
Дархан Иманашев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Қазір ел аумағында жалпы ұзындығы 4900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі бар. Биыл қосымша жаңа 6 ақылы учаске енгізу жоспарланып отыр. Ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Қазіргі таңда 14 учаскеде жалпы көлемі 1 млн 100 мың шаршы метр ақау тіркелді.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
«Қарағанды-Жезқазған» бағыты және Торғай халқы асыға күтіп отырған «Орталық-Батыс» жолдарының құрылысы мамыр айында басталады. «Қызылорда-Ақтөбе» жобасы үш учаскеге бөлінген. «Ақтөбе-Ұлғайсын» және «Сексеуіл-Қызылорда» бағытындағы құрылыс биыл басталады. Ал «Ұлғайсын-Сексеуіл» бағыты бойынша жұмыс келер жылы бастау алады. Бірақ үш учаскедегі жұмыс бір уақытта аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы