Басты Жаңалықтар Ғұмыры ерекше Р.Құрманова Түркістанда тұрады

Ғұмыры ерекше Р.Құрманова Түркістанда тұрады

Тағдырдың сынағы сан алуан, ал онымен әрбір  адам күш-қайратының жеткенінше күреседі. Түркістандағы «Шұғыла» оңалту орталығында тәрбиеленіп жатқан Русалина Құрманованың ғұмыры ерекше. Ол қылқалымды тісімен ұстап, сурет әлемінде ерекше шығармаларымен танылып жүр. Төрт жасында ата-ана қамқорлығынсыз қалған ол әлемді сұр түсте көруден бас тартқан. Рухы биік арудың әлеміне тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы да үңіліп көрді.

Әлемде миллиондаған қылқалам бар. Бірақ мына қылқаламның жүгі де, жолы да ерекше. Ол саусақтардың ұшымен емес, ерік-жігердің күшімен қозғалады. Павлодарда дүниеге келіп, тағдырдың тауқыметімен Түркістанның «Шұғыла» оңалту орталығына тұрақтаған Русалинаның өмірі – ақ қағазға түскен алғашқы бояу секілді. Бала кезден сурет салуды ұнататын ол ашық түстерді ұнататынын айтады. Тіпті аяқ қолының қозғалмағаны да сурет салуға кедергі болмаған.

Русалина Құрманова, суретші:

Көбінесе мен табиғат салғанды ұнатамын. Себебі табиғат шексіз. Ішкі айтқым келген ойларымның барлығын осы суретпен жеткізгім келеді. Жеткіземін. Табиғат ашық, әдемі, кеңдеу. Сурет мен үшін шексіздік. Келешекте суретші болғым келеді.

Алты жасында тісіне алғаш рет қылқалам іліккенде, Русалина болашақта суретші болатынын сезді. Бүгінде оның жасы он алтыда. Ал қоржынында түрлі жарыстардың марапаты мен алғыс хаттары бар. Бірақ оның ең үлкен жеңісі — медициналық диагноздарды өнермен өшіріп тастауында. Оны барлығы ерекше жақсы көреді.

Русалина  тек суретші емес, ол - үздік оқушы, әдебиеттің әлеміне ғашық кітапқұмар және әуезді әнші. Ішіндегі мұңды әнмен емес, бояумен айтуды таңдаған арудың әрбір туындысы - үнсіз айтылған монолог, дейді тәрбиешілер.

Жанар Тәженова, әдіскер:

Русалина әр түрлі табиғат туралы сурет салғанды ұнатады. Және ашық түстермен жұмыс жасағанды жақсы көреді. Майлы, түрлі-түсті, қызыл-жасыл суреттермен сурет салғанды ұнатады. Себебі ол мінезіне байланысты деп ойлаймын.

Шұғыла оңалту орталығы Русалина үшін жай ғана мекеме емес, шығармашылық шеберханаға айналды. Мұнда ол қышқа жан бітіріп, табиғаттың әрбір сәтін бейнелейді.

Ләззат Есназарова, орталық директоры:

Русалина келешекте үлкен суретші болғысы келеді. Біз енді сол өнер колледжіне оқуға түсуін жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта сол мақсатымыз орындалып, баламыз үлкен суретші болып жатса, нұр үстіне нұр болады. Біздің енді Русалинаға сеніміміз үлкен.

Русалинаның арманы биік. Ол болашақта әлемдік көрмелерде өз туындыларын іліп, адамдарға мейірімнің түсін көрсеткісі келеді.


Бөлісу