Қарағанды облысы су тасқынына қарсы дайындықты күшейтті
Қарағанды облысында су тасқынына қарсы дайындыққа 3500 адам мен мыңнан астам техника жұмылдырылған. Мамандар өзен арналарының су өткізу қабілетін, гидротехникалық құрылыстар мен бекітілген учаскелердің жағдайын күнделікті тексеруде. Қазір өңірдегі жағдай тұрақты. Дегенмен далада қар әлі қалың. Облыста 139 елді мекенді су басу қаупі бар. Солардың бірі Огороды ауылы. Мұнда 2015 және 2024 жылдары Нұра өзенінің тасуы салдарынан елді мекенге қауіп төнген. Осыған байланысты ауылдарда су тасқынына қарсы дайындық күшейтілді. Бұл маңға жоспарлы инженерлік жұмыстар аясында ұзындығы 400 метр болатын қорғаныс бөгеті салынған.
Айдос Асқаров, Абай ауданы әкімінің орынбасары:
Инженерлік жұмыстардың жоспары бекітілген. Сол инженерлік жоспар бойынша бізде Құлайғыр елді мекенінде, Тазаемка елді мекенінде, осы Самарка елді мекенінде жаңағы қорғаныс бөгеттерін құру жұмыстарыкөзделген, сондай-ақ Абай қаласында суағарларды тазалау қарастырылған. Сол бойынша барлық жұмыстар орындалып, сондай-ақ Тазаемка елді мекенінде халықты көктемгі су тасқыны мезгілінде жолмен қамтамассыз ету мақсатында көпір салынған болатын.
Өңірде 217 гидротехникалық нысан бар. Су қоймалары, бөгеттер, дамбалар мамандардың жіті бақылауында. Қарғын су кедергісіз ағуы үшін 28 шақырым өзен арнасы тазартылған. Сондай-ақ елді мекендерден бір миллион текше метрден астам қар шығарылды. Автомобиль және теміржолдың 130 учаскесі ерекше бақылауда.
Нұржан Жақатаев, төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:
Бізде облыс бойынша 44 тактикалық арнайы оқу-жаттығу көзделіп отыр. Арналған оқу-жаттығулармен көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Департамент қызметкерлері жалпы облыстың барлық қала, аудандарын аралап қайтты. Әкімдіктердің дайындығын тексеріп, күш пен құралдардың дайындығын тексеріп қайтқан болатын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы