Басты Жаңалықтар АҚШ: Иранды жойқын соққы күтіп тұр

АҚШ: Иранды жойқын соққы күтіп тұр

Таяу Шығыста жағдай тұрақталған жоқ. АҚШ, Израиль мен Иран бірін-бірі әуеден шабуылдап жатыр. Иран Израильдің бірнеше ауданына зымырандар жіберген. Ал Израиль әскері кеше кешке Тегеранға қарсы шабуылдың жаңа толқынын бастады. Иран Сауд Арабиясы астанасы әр-Риядтағы АҚШ елшілігін екі пилотсыз аппаратпен атқылаған. Ғимаратқа жеңіл-желпі зақым келген. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранды алда америкалық әскерилердің жойқын шабуылы күтіп тұрғанын мәлімдеді. Дипломат Ирандағы операция қажет болғанынша жалғасатынын айтты. Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи өңірдегі елдер АҚШ-ты Иранға шабуыл жасағаны үшін қысымға алуы керек деп мәлімдеді. Дипломат аймақтағы америкалық әскери базаларды нысанаға алу заңды екенін ескертті.

Аббас Арагчи, Иранның сыртқы істер министрі:

Біз аймақта соғыс болғанын көздемейміз. Бұл тек АҚШ базалары мен нысандары осы өңірде орналасқандықтан, аймақтық сипатқа ие болды. Құрама Штаттардың еліміздің аумағына зымырандармен және ұшақтармен тікелей соққы беруге мүмкіндігі бар. Біз АҚШ аумағына жете алмаймыз. Тек базаларына ғана соққы бере аламыз.

Израиль мен "Хезболла" арасындағы қақтығыс да күшейе түскен. Соңғы мәліметтерге сай, Ливанда әуе шабуылдарынан қаза тапқандар саны 52-ге жетті. 150-ден астам адам жараланған. ЦАХАЛ "Хезболла" қозғалысының басқару пунктері мен қару-жарақ қоймаларын көздеп отырғанын мәлімдеді. Мұның алдында қарулы топ Израильдің солтүстігін зымырандармен атқылады. 

Бөлісу