Басты Жаңалықтар Шымкентте креативті индустрия жақсы дамып келеді

Шымкентте креативті индустрия жақсы дамып келеді

Шымкентте креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Қаладағы жаңа хаб шығармашылыққа бейім жандарға өз жобасын нақты іске асыруға мүмкіндік берді. Жаңашыл жастардың тың идеялары тоғысқан орталыққа әріптесім Ернұр Уәлихан бас сұқты.

Ернұр Уәлихан, тілші:
Шымкентте креативті индустрия саласында үш мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олардың шығармашылық идеяларын жүзеге асыру үшін қалада арнайы хаб ашылды. Мұнда қолөнершілер, дизайнерлер, суретшілер мен режисерлер өз жобаларын нақты өнімге айналдырып, нарыққа шығара алады.
Еркін Тазабек, Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының бөлім басшысы:
Өз қаламыздың креативті индустрия саласындағы мамандарға өз жобасын бастауға немесе ары қарай дамытуға арналған тегін алаң. Хабтың бірлен бір үлкен мақсаты тіркелмей жұмыс жасап жатқан азамат-азаматшаларды қаламыздың кірістер басқармасына тіркетіп, көлеңкелі экономикадан шығарып жұмыс жасау.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Креативті хабта шығармашылыққа бейім жандар түрлі фестивальдер, сән көрсетілімдері, семинарлар мен шеберлік сағаттарында  өз жобаларын көпке ұсынады.  Этностильдегі бұйымдар, құрақ көрпелер мен зергерлік әшекейлер заманауи форматта ұсынылған. Сонымен қатар хабта Студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді. Жалпы кез келген адамға  шығармашылықпен айналысуға жағдай жасалған. Мұнда мемлекеттік грант ұтып, кәсібін дамытып отырған креативті жастар көп.
Жанерке Әділова, тігінші:
Ата-бабамыздан қалған осы құрақ өнерін заманауи стильде тігіп жүрмін. Мемлекеттік гранттан алған ақшаға осындай әдемі тігін машинкаларын алдым. Өзіме керекті құрал жабдықтарымды алып қазір өзімнің кәсібімді дөңгелетіп отырмын.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Балалар мультфильмнің майталмандары да осында. Дәл осы жерде анимациялық жобалар әрбір детальға мән беріліп, ерекше көркемдік шешіммен жасалады. Қазір шығармашылықтың нағыз қызған шағы, наурызда толықметражды туынды жарыққа шығады.
Нұриддин Пәтеев, киностудия директоры:
Бірнеше жобаларды іске асырдық осы жерде, көптеген көрмелерді өткізіп жатырмыз. Көптеген қонақтар келіп жатыр осы студияны көрейік деп. Ұлттық киноны қолдау орталығының тапсырысымен Алан туралы аңыз деген мультфильмді бітіріп шықтық, осы биыл наурызда кинотеатрға көрсетсек деп отырмыз.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Айта кетейік, елімізде креативті индустрияны қолдауға арналған жаңа заң қабылданбақ. Алғаш рет сала өкілдеріне «креативті индустрия субъектісі» мәртебесі беріледі. Тізімге енгендер мемлекеттік грантқа, түрлі қолдауға ие болады.


Бөлісу