Басты Жаңалықтар Ақтөбе мектептерінде қауіпсіздік ережесі роботтардың көмегімен түсіндіріліп жатыр

Ақтөбе мектептерінде қауіпсіздік ережесі роботтардың көмегімен түсіндіріліп жатыр

Ақтөбе мектептерінде қауіпсіздік ережесі роботтардың көмегімен түсіндіріліп жатыр. Бұл әдіс балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Полицейлердің айтуынша, интернет-алаяқтардың құрбаны болатын оқушылар аз емес. Сондықтан алдын алу жұмыстары күшейтілген.
Күтпеген қонақтар кіріп келгенде оқушылар таң-тамаша болды. Құқық қорғаушылар гуманоид робот пен робот-итті мектептерге ертіп барып, балалардың назарын өздеріне аударды. Одан кейін жаңа технология жетістіктері туралы және интернет-алаяқтық туралы ақпарат берді.
Сардар Кәртай, оқушы:

Біздің мектепке екі қызық робот келді. Енді біздің класс балалар көріп мәз болды. Мен бұл роботты бірінші рет көріп тұрмын, өз көзіммен.
Роботтар жуырда оқушылардың интернет-алаяқтық туралы сұрақтарына тікелей жауап бере алады. Қазір бағдарламалау жұмыстары жүріп жатыр. Кибер полиция қызметкерлерінің айтуынша, «Роблокс» секілді ойындар арқылы да алаяқтардың құрбаны болған оқушылар бар.
Жәнібек Шағыров, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
Жиі алданады, ақша табамын деп. Қызықтырады, соған алданып қалады. Немесе ойын сатып аламын дейді, акаунт сатып аламын деп, соған қызығып, ақшаны аударып жібереді.
Қазір облыстағы 150 білім беру ордасына бет әлпетті тану жүйесі орнатылған. Сондай-ақ, мектептердің айналасындағы бейнебақылау камераларының саны артты.
Айдос Нағин, полиция департаменті, ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығының орынбасары:
Ақтөбе облысы бойынша барлығы 431 мектепте бейнекамера орнатылған. Санын айтып кетсек, 18 986 камера бар. Оның барлығы Полицяның жедел басқару орталығына шығарылған.
Киберполиция қызметкерлерінің айтуынша, жыл басталғалы өңірде 148 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Алданғандардың арасында кәмелетке толмағандар жоқ.


Бөлісу