Басты Жаңалықтар Қазақстан-Сербия: 10-ға жуық құжатқа қол қойылды

Қазақстан-Сербия: 10-ға жуық құжатқа қол қойылды

Сербия президенті Александр Вучич келіп кетті. Сербия – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Балқандағы серіктесі. Екі елдің тауар айналымы 107,7 млн доллар. Екі жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтің Белградқа сапары аясында бірқатар құжатқа қол қойылған еді.

Нәтижелі келісімдердің бірі – Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Бұл жолы да президенттер өзара сауда-экономикалық байланысты нығайтудың жайын талқылады.

Мысалы, атом электр станциясын салуға ниетті Сербияға Қазақстан уран жіберуге дайын. Дәнді-дақылдармен қоса, мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау, екі елдің астаналарында медициналық білім беретін оқу ордаларының филиалдарын ашу мәселелері сөз болды.

Александр Вучич Сербияға «Қазақстанның сенімді құрылыс компаниялары мен инвесторлары келгенін қалаймыз. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартып қана қоймай, өзара мәдени, туристік байланыстарды жандандыруға да септігін тигізеді», – деді. Сербиялық тарап қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталығы секілді бағыттарға да қызығушылық танытты. Президенттер бірлескен мәлімдеме жасап, 10 шақты құжатқа қол қойды. Сөз соңында Сербия Президенті қазақ және серб командалары да қатысқан Дубайда өткен арнайы жасақтардың дәстүрлі халықаралық жарысын асқан қызығушылықпен тамашалағанын айтты. Биыл қазақстандық командалар мықты болып шыққан еді.


Бөлісу