Басты Жаңалықтар Таяу Шығыстағы шиеленіс: Иранда уақытша көшбасшы тағайындалды

Таяу Шығыстағы шиеленіс: Иранда уақытша көшбасшы тағайындалды

Сонымен Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің қаза болғанын Тегеран растады.  Кеше АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасап бастаған. Осылай болатыны болжанған. Иранды 40 жылдай басқарған 86 жастағы Әли Хаменеидің қазасы туралы ақпар негізі күндіз шыға бастаған. Бірақ Иран билігі үндемей отырды... 

Хаменеи бункерде емес, өзінің кабинетінде қаза болған. Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары елде 40-күндік аза тұтылатынын айтты.

Данияр Қайыртай, тілші:

Женевада АҚШ пен Иран арасында ядролық бағдарлама бойынша келіссөздің кезекті раунды нәтижесіз аяқталған соң, кеше таңертең Израиль АҚШ-пен бірлесіп Иранға жойқын соққы жасады. Шабуылдан Тегераннан бөлек, Исфахан, Кум, Минаб, Караджа, Керманшах, Тебриз қалалары да зардап шекті. Израиль мұны «Тегераннан төнетін қауіптің алдын алатын соққы» деп атады. Артынша АҚШ президенті Трамп өзінің Truth Social желісінде жариялаған 8 минуттық бейнеүндеуінде АҚШ Иранға қарсы іс-қимылға тікелей араласып отырғанын растады. «Америкалық әскерилер ауқымды жауынгерлік операцияны бастап кетті. Біздің мақсат – Иран режимінен төнетін қауіп-қатерді жою арқылы америка халқын қорғау» деп мәлімдеді сонда Трамп. Қауіп-қатер деп отырғаны – Иранның ядролық бағдарламасы мен алысқа ұшатын зымыран әзірлемесі. Ақ үй қожайыны «Иранның зымыран өндірісін жермен жексен қыламыз» деп айбат шекті. АҚШ пен Израильдің алғашқы соққылары Иранның әскери базаларына ғана емес, жоғары лауазымды шенеуніктері отыратын кварталға да бағытталды. Кейін сол соққыдан Аятолла Әли Хаменеидің қаза тапқанын Израиль медиасы жаза бастады. Трамп та «Тарихтағы ең басты зұлымдардың бірі Хаменеи өлді» деп желіде пост қалдырды. Бұл ақпаратты Иран үкіметі бір күн өте бере, яғни бүгін таңға жуық ресми растады. Одан бөлек, аятолланың қызы, күйеубаласы мен немересі де мерт болғаны хабарланды. Сонымен бірге 40 шақты жоғары шенді тұлға көз жұмған. Ал Минаб қаласындағы қыздарға арналған мектепке жасалған соққыдан 148 адам мерт болды.
Иран да көп күттірмей алдымен Израильді зымырандармен атқылай бастады. Кейін АҚШ-тың әскери базалары орналасқан Парсы шығанағындағы Бахрейн, Қатар, Кувейт, Біріккен Араб әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иорданияға зымыран жіберді. Иранның Қорғаныс министрлігі «аймақтағы америкалық базалардың бәрі қарымта соққының нысанасына айналады» деп ресми мәлімдеді. Ал Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Парсы шығанағындағы елдердің наразылығына «Иран өзін-өзі қорғауға мүмкіндік беретін заңды құқығы негізінде соққы жасады» деп әскери әрекетін ақтады. Тегеранның қолында бір «көзірі» бар. Ол – жаһандық мұнай тасымалының күрежолы саналатын Ормуз бұғазын бұғаттау. Қазірдің өзінде Оман теңіз қауіпсіздігі орталығының хабарлауынша, бір танкер шабуылға ұшыраған. Әйтсе де Иран билігі бұғаз әлі ашық екенін мәлімдеп отыр. Сонда да, Ройтерс жазуына қарағанда, 150 мұнай танкері Ормуз бұғазына жоламауға шешім қабылдаған. Осы аралықта азаматтық авиация Таяу Шығыс бағытындағы бүкіл рейстерін тоқтатып тастады. Аймақтағы ірі мегаполистердің әуежайларында, жалпы Дубай сияқты қалаларда халық дүрбелеңге түскені хабарланып отыр. Ондай видеолар жарияланып та жатыр.
Сыртқы істер министрлігі Ирандағы қазақстандықтарды құрлық жолымен төрт ел арқылы шығарып алатынын хабарлады. Төрт бағыт деп отырғаны: Иран – Әзербайжан, Иран – Армения, Иран – Түркия және Иран – Түрікменстан жолдары. Ирандағы елшілік қазақстандықтарға көмек көрсету үшін экранда көрсетілген тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін шұғыл байланыс желілерін ашып қойды. Бұған дейін тараған ресми дерекке қарағанда, Иран аумағында 96 қазақстандық бар. Оның 18-і дипломаттар болса, екеуі – студент, ал 70 адам – «Заркух» зауытының қызметкерлері. Тағы 6 адам жеке шаруасымен Иранға барған.
Сыртқы істер министрлігі жалпы бүкіл Таяу Шығыс аймағында жүрген қазақстандықтар жайлы мәліметтерді жинақтап жатыр. Қазір ондағы азаматтардың нақты санын айту қиын делінген ведомство таратқан ақпаратта. Айтпақшы, бүгін Президент Қ. Тоқаев Иордания Королі ІІ Абдаллаға жолдаған хатында ахуалды ушықтыратын іс-қимылдардан бас тартуға шақырып, кез келген халықаралық қақтығыс дипломатиялық тәсілдер арқылы шешілуі қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қатар әмірі әл Тәнимен де бүгін телефон арқылы сөйлесті. Ол аймақта қақтығыстың өршіп кеткеніне алаң көңілін білдіріп, бауырлас Қатар халқына тілектес екенін айтты.
Кеше Иран шабуылға ұшырағаны хабарлана сала мемлекет басшысы ондағы ахуалдың еліміздегі тұрақтылыққа қатер төндіру ықтималдығына байланысты Қауіпсіздік кеңесіне шұғыл жоспар әзірлеуді тапсырғанын да айта кетейік. Мұны Президенттің кеңесшісі әрі Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық күштік құрылым тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілді. Үкіметте Сыртқы істер министрлігі жетекшілік жасайтын арнайы мониторинг тобы жұмысқа кірісті. Өңір әкімдеріне Таяу Шығыста болып жатқан жағдайды ескере отырып, шешім қабылдау тапсырылды.
Иранның уақытша көшбасшысы болып аятолла Алиреза Арафи тағайындалды. Ол мерт болған Хаменеидің сенімді адамы саналады. Иранда өтпелі кезеңде елді басқару функциясын атқаратын Кеңес құрылды. Алиреза Арафи сол кеңестің мүшесі болды. Иранның президенті Масуд Пезешкиан және Сот жүйесінің басшысы Голям Хусейн Мохсени-Эджеи де Кеңес құрамына кірді.


Бөлісу