Лондонда алғаш рет «Орталық Азия + Ұлыбритания» форматында жиын өтті
Лондонда алғаш рет «Орталық Азия + Ұлыбритания» форматында жиын өтті. Шараға Қазақстанмен қатар аймақтағы тағы 4 елдің Сыртқы істер министрлері қатысты. Кездесуде өңірлік күн тәртібінен бастап экономикалық ынтымақтастыққа дейінгі кең ауқымды тақырыптар талқыланды. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтасын.
Қонақтарды ресми дипломатиялық қабылдаулар өтетін тарихи Ланкастер-хаус ғимаратында Ұлыбританияның Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Иветт Купер қарсы алды. Басқосуда сауда, инвестиция және халықаралық тасымалдау дәліздерін дамыту мәселелері қозғалды. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев аймақ пен Ұлыбритания арасындағы өзара тиімді стратегиялық іс-қимылдардың маңызын атап өтті. Оның британиялық әріптесі Орталық Азияны халықаралық үдерістердегі рөлі артып отырған аймақ деп бағалады.
Иветт Купер, Ұлыбританияның сыртқы істер министрі:
Жаһандық жағдайдың жылдам өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Тәуекелдер бары анық, бірақ бірлесе әрекет етсек, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.
Жеке кездесулер барысында тараптар 2024 жылы Қазақстан мен Ұлыбритания қол қойған Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге тоқталды. Сыни минералдар саласына ерекше назар аударылып, алдағы жылдарға жоспарланған Жол картасының маңыздылығы туралы сөз болды. Білім және ғылым саласында академиялық ынтымақтастықты кеңейту туралы да айтылды.
Салли Аксуорси, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі:
Қазақстан әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі әрі өршіл мақсаттары бар ел. Британ бизнесінің оның дамуына белсендірек араласқанын құптаймыз.
Биыл Астананың Лондонмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 34 жыл. Осы кезең ішінде белсенді саяси диалог құрылып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық артты. «Орталық Азия + Ұлыбритания» форматындағы жиын стратегиялық серіктестіктің одан әрі тереңдей беретініне тағы бір дәлел болды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы