Басты Жаңалықтар Қылмыскерлерді қамайтын орын жоқ

Қылмыскерлерді қамайтын орын жоқ

Бельгия шет мемлекеттердің түрмесін жалға алмақ. Себебі, өздерінде қылмыскерлерді қамайтын орын жоқ. «Жазасын өтеушілер қазір жерде жатыр» деп дабыл қаққан түрме басшылары биліктен түйткілді мәселенің түйінін табуды талап етуде. Тақырыпты әріптесім Нұрсұлу Қасым тарқатады.

11 мың орынға есептелген Бельгия түрмелерінде қазір 13,5 мың адам отыр. Жазасын өтеушілерге төсек жетпей, қазір алты жүзі еденде ұйықтауға мәжбүр. «Жағдай тым ауыр» деген түрме басшылығы биліктен шұғыл шешім қабылдауды талап етуде. 

Матильда Стинберген, қылмыстық-атқару мекемелерінің бас директоры:

Қазіргі жағдай тым қауіпті. Адамдардың жерде жатуы адамгершілікке жатпайтын әрекет. Тіпті, камераларда қосымша матрас төсейтін орын жоқ. Бұлай жалғасу мүмкін емес.

Пенитенциарлық жүйедегі дағдарысқа жазалау саясатының қатаңдауы, жаза мерзімінің ұзартылуы себеп, дейді адвокат Архан Егамбердиев. Тағы бір кілтипан, Бельгияда күдіктілерді уақытша қамайтын тергеу изоляторы жоқ. Яғни, күдікпен ұсталған азамат қылмысқа қатысы бар жоғы дәлелденгенше түрмеде отырады.

Архан Егамбердиев, адвокат:

Сотқа дейінгі қамау шаралары қазір кеңінен қолданыла бастады. Онан бөлек, бұрын үш жылға бас бостандығынан айырылған адам жаза мерзімінің үштен бірін өтеген соң автоматты түрде босатылатын. Қазір олар мерзімінен бұрын босатуға өтініш беруі керек және сот отырысы өтуі керек. Осының кесірінен түрмеден босайтындар азайып, керісінше темір торға тоғылатындар көбейіп, орын жетпей жатыр. 

Қордаланған проблеманы шешу үшін елдің Әділет министрі Аннелис Верлинден Балқан, Балтық елдерінің түзету мекемелерін жалға алу үшін келіссөз жүргізуде. Оң шешім шығып жатса, Бельгияда қылмыспен құрықталған заңсыз мигранттар мен шетел азаматтарын Косово, Албания мен Эстонияның түрмесіне тоғытпақ. Сондай-ақ,  министрлер кабинеті Бельгияның Антверпен портында 300 тұтқынды ұстай алатын жылжымалы түрмені орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Бірақ оның қауіпсіздігіне қатысты әлі күмән көп. Үкіметтегілер асықпай ойланғанша, түрмедегі күзетшілер, «Әбден қажыдық»деп жұмысқа шықпай, ереуілді күшейтті. Сондықтан, еденде жатқан қылмыскерлерді күзетуге жақын күндері полиция қызметкерлері мен әскерилер жұмылдырылмақ.
Бөлісу