Германиядағы қазақстандық немістер Алғыс айту күнімен құттықтайды
Ертең «1 наурыз Алғыс айту күні». Германиядағы қазақстандық немістер ел халқын мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін жаудыруда. Қазақстанда туып-өсіп, 90-жылдары тарихи Отанына оралған жерлестеріміз өзара қазақша сөйлесіп, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын сақтап отыр. Байырғы отандастарымызбен тілшіміз Нұрсұлу Қасым тілдесті.
Германияның Оффенбах қаласында тұратын Минихтер отбасын жергілікті немістер «қазақтар»деп атап кеткен. Қазақстаннан қоныс аударғанына 29 жыл болса да Данил мен әпкесі Клара қазақшаға судай. Тіпті, мақалдатып сөйлегенде сіз бен бізді шаң қаптырады. Қарағанды облысы, Ақбауыр ауылының тумалары туған жер десе ішкен астарын жерге қояды.
Данил Миних, ОФфенбах қаласының тұрғыны:
Сағыныш ешқашан кетпейді. Біздің Шешей айтушы еді, «асыл ауылым» деп. Қазақстан халқымен тек қана жақсылықпен өмір сүрдік бірге. Қазақ халқы негізі қонақжай, жуас, жақсы халық қой. Оны қазір бәрі де біледі. Ешқашан ешкімнің есігін қақпайтын, кірген бетте дастархан жайып, шәйін беріп, етін асып.
Клара Миних, ОФфенбах қаласының тұрғыны:
Мен Қазақстанға келе жатыр дегенде бес алты машине келеді Астанаға күтіп алуға. Сосын күніне бес алты үй шақырады қонаққа. Соны сағынамыз бұл жақта ондай жоқ қой. Біз жылайтынбыз, күндіз түні отырып, қайда келдік деп. Ауылға қайтқымыз кеп. Енді сол еріксіз үйрендік.
Клара әжей қазақтың келіні. Туған сіңлісі екеуі бір үйдің екі ұлына тұрмысқа шыққан. Қызы Марияны да қазақ жігітіне ұзатқан. Бауырларына ет тартып, құрақ ұшқан Данил сыбаға сақтау салтын ұмытпапты. Жұбайы Светлана да бесаспап. «Бауырсақ пісіруді, қамыр жаюды Қазақстанда үйрендім» дейді армян қызы.
Светлана Миних, ОФфенбах қаласының тұрғыны:
Біз қазақтардан адамгершілікті, қонақжайлылықты, жалпы көп нәрсе үйрендік, әлі де үйреніп жүрміз. Сол үшін қазақтарға алғысым шексіз. Өзгелер осыны бағаласа деймін. Мен Туған жерімді, Отанымды сүйемін!
Клара Миних, ОФфенбах қаласының тұрғыны:
Қазақстанға қанша алғыс айтсаң да артық болмайды ғой. Халқымыз аман болсын, Отанымызда тиыштық болсын. Нан көп болсын. Уайым жоқ болсын. Осындай гүлденіп, өсе берсін Қазақстанымыз.
Минихтер отбасының әр мүшесі әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Клара апа ғана зейнетте. Сүт сатып алып, немерелеріне қолдан құрт жасап беріп отырған әжей шілдеде Қазақстанға барып, 70 жасын дүркіретіп тойласам дейді. Сол тойда бәрі ауылдастармен қауышуға асық.
Автор
Нұрсұлу Қасым
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Жасыл желектің үлесі артады
28.02.2026, 20:17
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл
28.02.2026, 20:16
Лондонда алғаш рет «Орталық Азия + Ұлыбритания» форматында жиын өтті
28.02.2026, 20:14
Қылмыскерлерді қамайтын орын жоқ
28.02.2026, 20:13
Тілсіз жаудан құтқарғандарға алғыс айтты
28.02.2026, 20:08
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!»
28.02.2026, 20:08
Әуе компанияларға Таяу Шығыстағы алты елдің әуе кеңістігі үстінен ұшуға тыйым салынды
28.02.2026, 20:08
Ақтаулық тұрғын дәрігерлерге ризашылығын білдірді
28.02.2026, 20:07