Басты Жаңалықтар Партиялар арасында пікірсайыс өтті

Партиялар арасында пікірсайыс өтті

Бүгін Саяси партиялар арасында жаңа Конституция нормаларына қатысты пікірсайыс өтті. Студиялық форматта ұйымдастырылған дискуссияға 7 партиядан спикерлер келді. Олар жаңа Ата заң нормаларынақатысты пікір алмасып, халықтан келіп түскен сауалдарға жауап береді.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Жаңа Конституция нормаларына қатысты пікірсайыс бірер минут бұрын басталды. 7 саяси партиядан  барлығы 14 спикер қатысып жатыр. Алғашқы кезеңде Ата заң жобасына қатысты өз позициялары мен пікірлерін білдіреді. Бір норманы мысал ретінде алып, не үшін енгізілді және ол ертеңгі күні қарапайым азаматтардың өміріне қалай әсер ететінін түсіндіруі керек.

Әуелі партиялар кім қандай кезекте сөйлейтінін анықтау үшін жеребе тастады. Барлығы 4 раунд бар. Бірінші кезеңде әр спикер Конституция жобасын 4 минуттың ішінде талдай отырып, пікірін жеткізді.

Айдос Сарым, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:

Жаңа Конституция не үшін керек? Ол ел мен жұртқа не береді? Үш сөз тіркесімен ғана жауап беретін едім. Азат болу. Қазақ болу. Асқақ болу. Азат азаматтар ғана салығын төлейді, елді қорғайды.

Екінші кезең сұрақ-жауап форматында өтті. Мәселен, «Байтақ» партиясына 37-бапқа қатысты сауал қойылды. Онда адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін фактілерді жасырғаны үшін жауапкершілік бекітілген. Бұрын қалай болды? Енді не өзгереді?

Азаматхан Әміртай, «Байтақ» партиясының төрағасы:

Экологиялық ахуалы төмен өңірлерде онкология ауруымен ауратын адамдар өте көп. Біз болашақта жаңа көзқараспен арнайы заңдар қабылдауымыз керек. Бұл қолданыстағы Конституцияда бар. Бірақ ендігі кезекте арнайы заңдық актілерді қабылдау керек. Оларды іске асыратын нақты субьектілер бекітіледі.

Яғни бұрын үлкен жобалар, өндірістер, инфрақұрылым салынғанда экология экономика үшін құрбандыққа шалынып кететін. Енді олай болмайды. Өйткені ең жоғарғы заң - Конституцияда: мемлекет экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті, - деп жазулы тұр. Партиялардың осыған баса назар аударғаны да содан.

Конституция –  халық пен билік арасындағы қоғамдық келісімшарт. Үшінші кезеңде партия өкілдері халықтан келіп түскен сауалдарға жауап берді.

Нұрлан Әуесбаев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі:

Отбасы құндылықтарына баса назар аударылған. Мемлекеттің мықтылығы – отбасыдан басталады. Енді оның нақты механизмдерін айтайын. Мысалы, Конституцияда заңда ерекше жазылған отбасы, ене, әке, бала заңды негізде қорғалады. Бұл не деген сөз? Бұл біз отбасы құқықтары оның мүшелерін тең жәрежеде қорғайды деген сөз.

Саяси пікірсайыстың соңғы кезеңінде партиялар үндеу жасады.

Жигули Дайрабаев, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі:

Қадірлі ағайын, жаңа Конституцияны еліміздің жарқын болашағының кепілі деп білейік. Отанымыздың тағдырына бейжай қарамай, белсенді қатысу баршамыздың міндетіміз. Қуатты, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!

Әбдіәзизхан Нұржігітұлы, «Ақ жол» партиясының мүшесі:

Референдумға өзімнің болашағым үшін барамын. Барып, қатысу керек.

Қымбат Қайырбекова, Respublica партиясының мүшесі:

Елдің саяси бағытына өзіңнің бір ұстанымыңды ашық білдіру. Сол себепті референдумға баратын азамат тіліміздің құқықтық саяси бағытына бейжай қарамайтындығын көрсетеді деп ойлаймын.

Ділназ Байділдина, Қазақстан халық партиясының мүшесі:

Бұл тек менің таңдауым емес, болашақ балаларымның, алдағы ұрпағымыз үшін маңызды қадам деп білемін.

Мақсұт Насибулов, Жалпыұлттық социал-демократиялық париясының орталық аппарат жетекшісі:

Көбісі мүмкін түсінбей жатқан шығар, бұл не үшін керек? деп. Бірақ адам патриот ретінде қатысуы керек. Өйткені ол біздің болашағамыз.

Осылайша, 7 партия әр бапты жан-жақты зерделей отырып, Жаңа Ата заң жобасын қолдайтынын жеткізді. «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» атты бұл дискуссия 2 сағат бойы «Qazaqstan» телеарнасының YouTube, Facebook, Instagram, TikTok платформаларында және Хабар арнасының YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілді. Ақпараттың бәрі  «Референдум-2026» Telegram арнасында жарияланды.


Бөлісу