Басты Жаңалықтар Қазақстан-Сербия: Он келісімге қол қойылды

Қазақстан-Сербия: Он келісімге қол қойылды

Сербиялық компания Қазақстанда мұздатылған өнімдер зауытын ашуға ниетті. Бүгін Сербия президенті Александр Вучичтің Қазақстанға ресми сапар аясында осындай бірқатар ұсыныстар талқыға салынып, 10 шақты құжатқа қол қойылды.  Сондай-ақ қос тарап Астана мен Белград қалаларында медициналық білім беретін арнайы филиал ашуды жоспарлап отыр. Тараптар тағы қандай келісімдер жасады. Раушан Сайлауқызы толығырақ.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Журналистикадан Президенттікке дейін. Иә, бірер минутта Ақорда табалдырығын аттайтын Сербия Президенті Александр Вучич те ақпарат алаңында қоғам тынысын сезіне жүріп, саясат сахнасына қадам басқан көшбасшы. Партия мүшесі, басшылық қызметтер, депутат, министр лауазымдарынан өткен ол 2017 жылдан бері Сербия Республикасының Президенті.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Екі елдің басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып жатыр. Бұдан әрі, шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз өтеді. Жалпы, екі елдің дипломатиялық байланысына биыл 30 жыл толады. Содан бері екіжақты барыс-келіс, алыс-беріс бір сәтке де тоқтаған емес.

Сербия – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Балқандағы сенімді серіктесі. 7 млн-ға жуық халқы бар мемлекеттің негізгі экономикасы – ауыл шарушылығы, тамақ өнеркәсібі, металлургия. Екі елдің кей салаларда бағыты ұқсас. Нарықты әртараптандыру, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту. Екі жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың Белградқа сапары аясында бірқатар келісім жасалып, жүзеге асқан еді. Оның бірі – әуе рейсі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Сауда қатынастарымыз табысты дамып келеді. Қазақстанда 60-тан аса сербиялық компания жемісті еңбек етіп жатыр. Негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ортақ. Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастықтың берік әрі тиімді іргетасы қаланды деп ойлаймын.

Александр Вучич, Сербия Республикасының Президенті:

Қазақстанға ресми сапармен келгеніме қуаныштымын. Қонақжайлық танытқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің пікіріңізбен толық келісемін, елдеріміз арасында шынайы стратегиялық қарым-қатынас орнаған. Сіздің қолдауыңыздың арқасында сауда-экономикалық байланыстарымыз жоғары қарқынмен дамып келеді.

Бұдан кейін екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев екеуара ынтымақтастықты арттыруға бар жағдай жасалатынын айтты. Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-экономикалық көрсеткіш былтыр 107,7 млн долларға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,6%-ға өсті. Импорт көлемі - 79,1 млн доллар. Біз Сербиядан қағаз, картон және мақта, алюминий, дәрі-дәрмек, темекі өнімдері және күнбағыс тұқымын сатып аламыз. Ал Қазақстан Сербияға 28,6 млн доллардың тауарын саудалаған. Ең көбі, минералды тыңайтқыштар, одан бөлек, қап, мақта, пропилен полимері, құрылғыларға арналған бөлшектер мен табиғи газ. Енді бұл тауарлардың қатары уран және ауыл шаруашылығы өнімдерімен толығуы мүмкін.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» Акционерлік қоғамының басқарма төрағасы:

Атом саласында да әлеуеті бар. Себебі Сербия АЭС салады. Сондықтан «Казатомпром» еншілес компаниямыз Сербия еліне уран жіберуге дайын.

Сержан Шәріпов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры:

Біз дәнді-бұршақ дақылдарын, қарақұмық, балық филесін жеткіземіз. Бұлардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау жөнінде келіссөздер жүргізілді.

Ал Сербиялық «Mambikom Agrar» компаниясы Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт ашуға ниетті. Тағы бір келісім – денсаулық сақтау саласына қатысты.  Екі ел  медициналық білім беруді бірлесе дамытуға ниетті. Одан бөлек, озық технология мен дәрі-дәрмектің алыс берісін арттырмақ.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Белград пенен Астана университетінің арасында филиал ашу жолдары қарастырылады. Екіншіден, денсаулық сақтау саласындағы жасанды интеллект арқылы цифрлы инструменттерді қолдану. Жақсы, озық технологияларды алу мүмкіндігі туып отыр, осындай жасалынған құжат.

Ал Сербия қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауымен, инфрақұрылымын дамытуды көздейді.

Александр Вучич, Сербия Республикасының Президенті:

Сербияға Қазақстанның сенімді құрылыс компаниялары мен инвесторлары келгенін қалаймыз. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартып қана қоймай, өзара мәдени, туристік байланыстарды жандандыруға да септігін тигізеді. Өз тарапымыздан Сіздің еліңіздің экономикасына инвестиция салғысы келетін сербиялық кәсіпкерлерді ынталандыруға барынша күш-жігер жұмылдырамыз.

Одан бөлек, серб тарапы қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталығы секілді бағыттарға қызығушылық танытып отыр. Келіссөз қортындысы бойынша Президенттер бірлескен мәлімдеме қабылдап, 10 шақты құжатқа қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жүк тасымалдайтын жаңа бағыттар ашу мәселесіне тоқталдық. Инфрақұрылым саласындағы әріптестікті нығайту жолдарын талқыладық. Тиісті министрліктер мен операторларға нақты ынтымақтастық тәсілдерін айқындауды ұсындық. Энергетика саласында аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту үшін өзара іс-қимылды күшейтуге келістік.

Александр Вучич Қазақстанның экономикасы дамып, көпвекторлы сыртқы саясат табысты ілгерілеп келе жатқанын атап өтті, әрі қазақ халқына тілекші екенін жеткізді. Жуырда, Дубайда өткен UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарыста жастардың жоғары деңгейде өнер көрсеткенін айтып, біздің сарбаздарды жаттықтырса деген ниетін білдірді.

Александр Вучич, Сербия Республикасының Президенті:

Қазақ жігіттері мен қыздары бірде-бір сайыста сүрінген жоқ. Мен бұндайды бұрын-соңды көрген емеспін. Арнайы жасақ қызметкерлеріңіз ең жоғары деңгейден көрінді. Олар біздің сарбаздарды жаттықтырса дұрыс болар еді. Сіздерді қауіпсіздік саласындағы керемет жетістіктеріңізбен тағы да құттықтаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, беделді саясаткер деп санайтынын жеткізді. Әрі екі елдің байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.


Бөлісу