Басты Жаңалықтар Жұмыс берушілер бюджет пен қорларға 7 түрлі төлем аударады

Жұмыс берушілер бюджет пен қорларға 7 түрлі төлем аударады

Бір азаматтың жалақысы шамамен 498 мың теңге болса, салық пен әлеуметтік төлемдер үшін 146 мың теңге ұсталады. Осылайша қолына 352 мың теңге тиеді. Жұмыс берушілер бюджетке және қорларға 7 түрлі төлем аударады. Ол зейнетақы жарнасы, әлеуметтік төлемдер мен міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік салық пен тағы қосымша төлемдер. Нәтижесінде айлықты «конвертпен» беріп, қызметкерлерді ресми түрде тіркемеу фактілері әлі күнге дейін өзекті. Сондықтан бүгін Астанада бизнес пен мемлекеттік орган өкілдері, сарапшылар бас қосып, «Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайту» мәселесін көтерді. Сарапшылар кей әлеуметтік төлемдердің мөлшерлемесін төмендетіп, кей жарналарды біріктіріп, жаңа жұмыс орындары үшін уақытша жеңілдіктер қарастыруды ұсынады. Осылайша қызметкерлерді заңды түрде тіркелуге ынталандыру қажет дейді.

Асқар Қысықов, экономист:
Жалақы жүктемесі қазір 40%-ды көрсетіп отыр. 7 түрлі төлем емес, мүмкін бірыңғай төлем енгізу керек. Сонда ғана өз табысын төмендетіп көрсететіндер мен жалақыны қолма-қол алатындар қатарын азайтуға болады.  Біздің есептеуіміз бойынша, олар шамамен 3-4 млн адам. Егер жалақы жүктемесін төмендетіп, ресми тіркелген қызметкерлер санын арттырсақ, бюджет шығынын қиналмай-ақ толтыра аламыз. Мұндай тәжірибені Грузия мемлекеті енгізген. Олар да 40% жүктемені 20%-ға төмендетті. Есесіне халықтың жұмысқа заңды түрде тіркелуі 2 есе артты.


Бөлісу