Ақтауда көне мен жаңаны үйлестірген зергер тұрады
Ақтаулық 28 жастағы Дамир Төребай зергерлік өнерді заманауи бағытта дамытып жүр. Жас шебер ұлттық нақыштағы бұйымдарды ерекше зерлеу тәсілімен жасайды. Көне мен жаңаны үйлестірген шебердің туындыларына сұраныс артқан. Аягөз Оралбайқызының бейнематериалы.
Дамир Төребай зергерлікпен кәсіби түрде алты жылдан бері айналысады. Алматы қаласындағы өнер академиясында «Зергерлік іс» мамандығын меңгерген жас маман студент кезінен-ақ, тәжірибелі шеберлерден тәлім алып, жанына жақын кәсіптің қыр-сырын терең зерттеген. Ол ұлттық бұйымдарды Батыс өңірге тән нақышта сіркелеп, зерлеп жасайды.
Дамир Төребай, зергер:
Менің бұйымдарымның көбісі бұрынғы көне бұйымдарды жаңғыртып жасау. Яғни, қазіргі заманға сай етіп жасау. Мысалы бұрынғы бұйымдарымыз формалары көлемді үлкен болатын болса менің қазіргі жасайтын бүйымдарым көбіне сол формаларды жаңғыртып, күнделікті тағуға болатындай етіп кішірейтіп жасаймын. Бірақ бұрынғы көне бұйымдардың детальдары болады.
Зергер бойтұмар, құдағай жүзік, оймақ жүзік секілді ұлттық әшекейлерді жасаудың хас шебері. Бұйымдарын әзірге күмістен соғады. Ал болашақта алтынмен де жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Қажетті материалдарды банктен және күміс өндіретін компаниялардан сатып алады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Шебер қазір осы бойтұмар жиынтығын соғып жатыр. Ерекше әдемі дизайндағы әшекейлерге 100 грамм күміс жұмсалған. Енді алқаның шынжырын жасау ғана қалып тұр. Осындай жиынтықтарды шебер бас-аяғы бір айда дайындайды.
Шебер кәсібін бастау үшін мемлекеттен қолдау алған. «Бизнес бастау» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламалары арқылы қайтарымсыз грант жеңіп алып, шеберханасын қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Алдағы уақытта екі адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздейді.
Қамар Құралбайқызы, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени құызмет көрсету орталығының бөлім меңгерушісі:
Маңғыстау зергерлік мектебі өзінің ірілігімен, геометриялық дәлдігімен және терең символизммен ерекшеленеді. Дамир өткеннің мұрасын болашақтың тілімен суреттеп жүрген, сөйлетіп жүрген жаңа буын өкілі. Оның туындылары халықаралық, республикалық көрмелерде жоғары бағаланып жүр.
Зергер музейлерге жиі барып, көне жәдігерлерді зерттейді. Ұлттық өнерді шетелдік дизайнмен ұштастыру үшін үнемі ізденіс үстінде. Бүгінде оның зергерлік туындыларына сұраныс жоғары.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы