Қызылорда облысында мұғалім ЖИ-мен білім беру платформасын әзірлеген
Қызылорда облысы, Шиелі ауданында ауыл мұғалімі жасанды интеллект арқылы білім беру платформасын әзірлеген. Оқушылар үйінің ұстазы осылайша жоғары сынып оқушыларын жаңашыл бағдарламамен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайды.
Арайлым Жақсылық – биология пәнінің мұғалімі. Ізденімпаз педагог заманауи технологияларды жақсы меңгерген. Ол жастардың білімін жетілдіру үшін мектеп бағдарламасы аздық етеді деп есептейді. Ал ғаламтордағы көптеген қосымша оқу бағдарламалар ақылы қымбат. Сондықтан, ауыл оқушыларына қол жетімді платформа жасау үшін жас маман жасанды интеллект жүйесін ұтымды пайдаланып, тегін оқу курстарын енгізіп отыр.
Арайлым Жақсылық, биология пәнінің мұғалімі:
Жасанды интеллект тек ақпарат беретін құрал емес, бұл оқушыға тамаша репетитор. Мұғалімге көмекші ассистент деп те қарауға болады. Бұл платформада балалар 7 сыныптан 11 сыныпқа дейін бүкіл ақпаратты қамтиды теория, база және тест тапсырмаларымен жұмыс жасайды.
Бүгінде оқушылар үйіне келіп, қосымша білім алатын жастардың қатары артқан. Мұнда биология, математика, ағылшын тілі пәндерінен үш үйірме жұмыс істейді. Әрқайсысында 40-тан аса бала бар. Соның ішінде, жасанды интеллект арқылы сабақ оқуға оқушылар ерекше қызығушылық танытуда.
Жаннұр Палмағамбет, оқушы:
Мен бұл жаққа келгелі бері биологияға ынтам күшейе түсті. ЖИ арқылы біздің есімізде оңай әрі тез қалады. Сол арқылы біз ҰБТ-да жеңіл тапсыра аламыз. Мен биология-география пәнін таңдап, психолог немесе логопед мамандығын таңдап отырмын.
Президент Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда биыл елімізде жасанды интеллект жылы деп атады. Себебі жаңа ілімді меңгеру уақыт талабы. Бүгінде пилоттық жобамен өңірдегі кейбір мектептер оқу бағдарламасына жасанды интеллект пәнін енгізіп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы