Басты Жаңалықтар Мұғалімдерге қызметтен тыс міндет жүктегені үшін директорларға айыппұл салынуы мүмкін

Мұғалімдерге қызметтен тыс міндет жүктегені үшін директорларға айыппұл салынуы мүмкін

Мұғалімдерден әлеуметтік желі жүргізуді талап етуге заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін. Мәжілісте педагогтердің құқығын қорғауға арналған заң жобасы қаралды. Мектеп басшылығы талапты елемесе, қандай жаза қарастырылады? Ұстаздарды қорғауға арналған құжаттың өзге де нормалары жайында Жанел Нұрболатқызы тарқатады.

Енді мұғалімдер әлеуметтік желіде контент жасап, whatsapp-та жауап беруге міндетті емес. Бүгін мәжілісте  заң жобасы таныстырылды. Депутаттар кәсіби қызметтен тыс тапсырма жүктейтін директорларға айыппұл салуды ұсынды. Бірақ, педагогтердің өздері мектеп басшылығынан именіп қалмай, шағымды ашық айта ала ма?

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өзі барып шағымдана алмайды дегенмен келіспеймін. Мен министрлікте істегенде мысалы, бірінші жылы бізде бірнеше мың шағымдар келіп түсті. Сол шағымдар бойынша мыңдаған лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарттық. Мыңдаған. Сондықтан мұғалімдер қорқып ештеңені айтпайды деуге болмайды.

Ұстаздар не дейді? Бірнеше мектепке барып, сұрап көрдік.

Ләззат Садықбекова, мектеп директоры:

Бұл заң өте тиімді деп ойлаймын. Өйткені ата-аналар мұғалімдердің жұмыстан тыс уақытта мазалайды. Түнгі уақыттарда да мазалайды.

Айнагүл Исабекова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

Кешкі сегізден кейін ата-ананы, баланы мазаламаймын. Оны ата-анадан да талап етемін. Өйткені тәртіп, мәдениет болған кезде ғана білім болады. Білімнің өзі тәртіптен басталады.

Нұрлан Адамов, тарих пәнінің мұғалімі:

Міндетті түрде рилс саласың, тәрбие сағатынан үзінді көрсетесің деген үзілді-кесілді болмау керек. Біздің де жанұямыз бар. Ер адам болсын, әйел адам болсын. Сондықтан жұмыстан тыс уақытта мазалғаны дұрыс емес те шығар. Бірақ енді келеңсіз жағдай кезінде біз әрине жауап береміз.

Ал ата-аналардың пікірі екіұдай.

Халықтың пікірі ескеріледі, дейді депутаттар. Заң жобасы Мәжілісте әлі екі оқылымда талқыланады. Ұстаздардың құзіретіне жатпайтын міндеттердің тізімін кеңейту көзделген. Есеп тапсыруды талап ету де алдағы уақытта заңсыз деп саналуы мүмкін. Бірақ түбегейлі емес - міндеттеуге болатын нақты көлемін бекіту қарастырылмақ.


Бөлісу