«Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» құру жобасы пысықталды
Бүгін Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының іске асырылу барысы бойынша кеңес өткізді. Отырыста цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин баяндама жасады. Олар жобаның биыл қаңтарда Екібастұз қаласында іске қосылғаннан бергі нәтижелерін таныстырды. Жаңа бастама Орталық Азиядағы ең ірі дата-кампусты құруды көздейді. Оның қуаты 1 гигаваттқа дейін жетпек. Қазір 1,4 мың гектар жер телімі бөлінген. Қосалқы станса сатып алу және инвесторларға қолдау тетіктерін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Халықаралық серіктестер үшін арнайы Greenfield аймағы қарастырылған. Желілік кідірісті 80-нен 57 миллисекундқа дейін төмендету жоспарланған. Бұл көрсеткіш Еуропаның негізгі трафик алмасу орталықтарының деңгейіне сәйкес. Алдағы кезеңде әрқайсысы 50 МВт болатын жасанды интеллектке арналған төрт орталық кезең-кезеңімен салынады. Жоба толық іске асқанда Қазақстан өңірлік цифрлық хабқа айналмақ. 500-ден астам жоғары білікті жұмыс орны ашылады. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр жауапты ведомстволарға жұмысты уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы