Мәнерлеп сырғанаушылар мен бапкерлеріне пәтер берілді
32 жылдан кейін елге алтын сыйлаған Милан Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоров елге оралды. Тарихты түлеткен талантты күтіп алуға әуежайға келген жанкүйердің қарасы қалың болды. Эмоцияға толы сәтті әріптесім Асылбек Данияр баяндап берсін.
Астана халықаралық әуежайы. Күту залында ине шаншар орын жоқ. Қолында туы, көңілінде толқу бар жұрт Михаил Шайдоровты тағатсыздана күтіп тұр. Бұл – жай қарсы алу емес. Бұл – 32 жыл бойы іште қатқан сағыныштың сыртқа шыққан сәті.
Миша мұз үстінде тек шеберлігін емес, бойындағы рухы мен мінезін көрсете білді. «Мен» деген фавориттер, тіпті екі дүркін Әлем чемпионының өзі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының өнерінен кейін сескеніп қалды. Бірі бағдарламасын бастамай жатып құлап жатса, енді бірі жоспарланған каскадты да секіре алмады.
Бұл Ақ ойын – мәнерлеп сырғанаушылар үшін табысты болды. Ерлерден Михаил Шайдоров чемпион атанса, әйелдерден Софья Самоделкина үздік ондықтың қатарынан көрінді. Жылдар бойы төгілген тер, тынымсыз еңбек нәтижесін берді. Айтпақшы, елге оралған саңылақтар мен бапкерлерін тосын сый күтіп тұрды.
Иә, мұндайды қазақ ақ түйенің қарны жарылған күн дейді. Ширек ғасырдан кейін ел намысын асқақтатқан оғландар қашан да құрметке лайық.
Өз үйім – өлең төсегім. Қанша сағат жолды артқа тастап келген Миша елмен қуанышын бөлісуге асыққанын жеткізді.
Михаил Шайдоров, Олимпиада чемпионы:
Түн ортасында ұйқыларыңызды қиып, бізді күтіп алуға келгендеріңіз үшін шын жүректен рақмет айтамын. Расында, өте қуаныштымын: Олимпиада ойындарында туымызды көтеріп, Әнұранымызды шырқатқаныма бақыттымын. Жанкүйерлер тарапынан өте көп тілек, жылы лебіздер келіп жатыр. Әлеуметтік желіде әлі күнге дейін тыным жоқ. Қолдап, қолпаштап жүрген барша жанкүйеріме алғысым шексіз. Бұл маған күш-жігер береді. Еліміздің атын әлемдік аренада таныту үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға дайынмын.
Милан Олимпиадасында дебют жасаған тағы бір отандасымыз Софья Самоделкина да елге алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Софья Самоделкина, Олимпиадаға қатысушы:
Мені қолдап, аренаға келген жанкүйерлерді көргенде қатты қуандым, сол сәтте мақтаныш сезімі кернеді. Маған сенген еліме рақмет! Осындай ауқымды жарысты маған мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Келесі жолы бұдан да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Михаил секілді алтын медальмен ораламын деген сенімдемін.
Туризм және спорт министрі Ұлттық құраманың Олимпиададағы нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді. Сонымен бірге, үздік көрсеткішке жете алмаған спорт түрлері бойынша кадрлық өзгерестер болатынын айтты.
Ербол Мырзабосынов, Туризм және спорт министрі:
Әрине, бірнеше спорт түрлерінде кадрлық мәселелер қаралады. Өздеріңіз білесіздер біз сырт елден де мамандар шақырған болатынбыз. Оның бір үлгісі – Урманов мырза. Соның жанында өзіміздің де бапкерлеріміз осы әдістемені үйреніп жатыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Шайдоровты қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атануымен алғашқылардың бірі болып құттықтады. Чемпионды ІІ дәрежелі Барыс орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгін Миша Президенттің қолынан сол марапатты алады. Сонымен бірге, тарихи жетістігі үшін мемлекет тарапынан 250 мың долларға ие болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы