Басты Жаңалықтар Шаруаларға қолдау: Егін егу және күзгі жиын-терімге 1 трлн теңге бөлінеді

Шаруаларға қолдау: Егін егу және күзгі жиын-терімге 1 трлн теңге бөлінеді

1 трлн теңге. Биылғы егін егу және күзгі жиын-терімге осынша қаржы бөлінеді. Қазірдің өзінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызу. 2 мыңға жуық шаруа жеңілдетілген несие алып үлгерді. Арзан бағамен дизель отыны жеткізіледі. Жанармайдың талан-таражға түсуіне жол бермеу үшін бақылау күшейеді. Бүгін Үкімет отырысында берілген нақты тапсырмаларды Самал Қабышева рет-ретімен баяндайды.

Биыл Қызылорда облысында күріш 10 мың гектарға аз егіледі. Себебі, су тапшы. Соңғы 4 жылда сыр өңірі күріш алқабын 21 пайызға қысқартты. Есесіне  суды аз қажет ететін дақылдарды еге бастады. Ал, егіс алқаптарында суды пайдаланудың жаңа тәртібі белгіленеді. Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарында яғни, 5 өңірде суды пайдалану лимиті белгіленді. Ал талаптың қалай болатынын вице-министр былай деп түсіндірді.

Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:

Келісімшартта арнайы лимиттер белгіленеді. Яғни, дақыл егеміз. Осыған осынша су аламыз. Егер сол лимиттен жоғары алатын болса, келісімшартқа сәйкес, айыппұл санкция қолданылады.

Егін егемін деген ағайынға қолдау бар. Оларға жеңілдетілген несие беру үшін 700 млрд теңге бөлінуде. Қазірдің өзінде бұл мүмкіндікті 2 мыңға жуық шаруа пайдаланып, көктемгі егіс жұмыстарына кірісіп кетті.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Бүгінгі таңда өңірлердің мәліметі бойынша техниканың дайындық деңгейі шамамен 80%-ды құрайды.

Енді отандық тұқым өндірушілерге қолдау артады. Үкімет басшысы оларды ынталандыру шараларын қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ диқандарға берілетін жеңілдетілген несие рәсімі цифрландырады.  

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру көлемін былтырғыдай 1 трлн теңге деңгейінде қалдырдық. Оның ішінде техниканы лизингке алуға 300 млрд теңге қаралған.Мемлекет басшысының қолдауының арқасында үшінші жыл қатарынан қомақты қаражат бөлінуде.Фермерлер үшін жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна жанармай бөлу көзделіп отыр.

Көктемгі егін егу жұмыстарын жүргізу үшін диқандарға дизель отыны нарық бағасынан 15%-ға арзан бағамен беріледі.

Самал Қабышева, тілші:

Жанармайдың талан-таражға түсуіне жол бермеу және ауыл шаруашылығы жұмыстарын үздіксіз жүргізуге жағдай жасау үшін шаруаларға арналған дизель отыны енді қатаң бақылауда болады. Әр диқанға жеке ПИН-код беріледі, электрондық жүйеде дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма жасалады. Бұл жанармайдың шаруаларға нақты көлемде және дұрыс жеткізілуін қамтамасыз ету үшін қолға алынуда.
Бөлісу