Басты Жаңалықтар Тасқынға дайындық: Жайық жағасын бекіту жұмыстары кешеуілдеп тұр

Тасқынға дайындық: Жайық жағасын бекіту жұмыстары кешеуілдеп тұр

Атырау облысында Жайықты жағалай орналасқан елді-мекендерде тасқынға қарсы әзірлік басталды. Осыдан екі жыл бұрын өзен арнасынан тасып, Махамбет ауданының біраз бөлігін су басқан еді. Қазір жағаны қайта бекітіп жатыр. Махамбет пен Алға ауылындарында  жұмыс қарқын алғанмен, мерзімінен кешігу бар. Оған не себеп?

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Махамбет ауданында Жайықтың жағасында ұзындығы 4,5 шақырымға созылған бұл бекініс болашақ үшін маңызды нысан. Өйткені көктем сайын тасқын қаупі алаңдататын тұрғындар үшін бұл жәй құрылыс емес, қауіпсіздік мәселесі. Қазір мұндағы жұмыстар 90 пайызға аяқталды. Енді тек абаттандыру ғана қалды.

Жаға бекіту жұмыстары осыдан 5 жыл бұрын басталды. Мердігер мекеме әупірімдеп жүріп биыл аяқтауды көздеп отыр. Заманауи технологияға негізделген бұл жобаға бюджеттен 16 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Сағынғали Шотпақов, Махамбет ауылының тұрғыны:

Қамал деуге болады мұны. Осындай қамал тұрғанда ешқандай қорқыныш болмайды деп ойлаймын. Су бір орында тұрмайды. Көтеріледі ғой деңгейі. Бірақ мынаны бұзып кету оңай емес. Асып кетуі үшін де көп су керек.

Қазір құрылыс басында 18 техника мен 30 шақты адам жұмыс істеуде. Жаға бекітуден бөлек абаттандыру жұмыстары қатар жүріп жатыр.  3 бірдей балаларға арналған ойын алаңы салынған.

Сергей Пак, мердігер мекеме өкілі:

Алдағы наурыз айында тапсырамыз деген жоспар бар. Негізгі жұмыстардың барлығы аяқталды. Қазір жаяу жүргіншілер жолы салынып, көше шамдары орнатылып жатыр. Әзірге материалдардан кідіріс жоқ, ауа райы да жайлы боп тұр.

Жайықтың іргесіндегі  Алға ауылындағы жағдай көпті алаңдатады. Себебі ұзындығы 3,2 шақырым болатын жаға әлі бекітіліп бітпеді. Бастапқыда салынған дамба  бірнеше жыл қатарынан су астында қалды.  Алғашында жобаның құны 4,9 млрд теңге болған, кейін жобаға өзгеріс енгізіліп 7,1 млрд-қа жетті. Су деңгейінің түскенін күткен мердігер жұмысты биыл жалғастырмақ.

Расул Мусин, Алға ауылдық округінің әкімі:

Жылдан-жылға жарды құлатып, ауылға кіріп келу қаупі бар. 2024 жылы соққан дамбымыз да құлауға шақ тұр. Соған алаңдаймыз. Ауылға кіріп кетсе ешқандай нәрсе көмектесе алмайды. Сондықтан алдын-алу мақсатында жұмыстарды жандандырып жатырмыз.

Бұдан бөлек Талдыкөл ауылындағы 1,7 шақырым бөгет  нығайтылып жатыр. Бұған да қыруар ақша бөлінген. 4,6 млрд. Дәл осындай қаржы Бейбарыс ауылы маңынан бөгет тұрғызу үшін бөлінбек. Тендер енді жарияланады.

Қайрат Нұрлыбаев, Махамбет ауданының әкімі:

Сарайшық, Сарытоғай және Есбол ауылдарына жобалық-сметалық құжат жасақталып, қазіргі уақытта жүргізілуде. Біреуі мемлекеттік сараптамада яғни Сарайшық ауылы, қалған екі ауылдың жобалық сметасы жыл аяғына дейін аяқталады деп отырмыз. Енді ол жұмыстардың аяқталуына қарай болашақта суға қарсы тұра алатын болады.

Жалпы облыс бойынша салынған бөгеттердің беріктігі мен 15 гидробекеттің жұмысы тексеріліп жатыр. Келетін өр суының көлемін анықтау үшін Tasqyn» ақпараттық жүйесі іске қосылған. Егер төтенше жағдай бола қалса оның алдын-алуға 1700 адам, 800-ге тарта техника мен 3 тікұшақ әзір.

Бөлісу