Басты Жаңалықтар 2026 жылы Қазақстанда жарты миллионнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарлануда

2026 жылы Қазақстанда жарты миллионнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарлануда

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Вице-премьер өз сөзінде Президенттің әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлетінін, ал азаматтардың әл-ауқаты мен елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жаңа Конституция жобасының негізіне айналғанын атап өтті. Көтерілген мәселелердің бірі - қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуы. Елде 2,9 млн сапалы жұмыс орны қамтамасыз етілді. Биыл өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 547 мыңнан аса адамды жұмысқа орналастыру көзделді. Күн тәртібінде жұмыс орнындағы адам қауіпсіздігі мен қорғалуы мәселесі де қаралды. Басты міндеттерінің тағы бірі- мүгедектігі бар адамдарды кешенді әлеуметтік қорғау мәселесі. Жұмысқа орналастыру тәсілдерін қайта қарау, оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету, инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі, мүгедектігі бар балаларды дамыту және әлеуметтендіру басты назарда болмақ.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

«Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, 4 өңірде іске асырылып жатқан үй жағдайында мүгедектегі бар балаларды оңалту пилоттық жобасын ерекше атап өткім келеді. Бүгінде инновациялық техникалық құралдарды қолдану арқылы 508 бала оңалтудан өтті. 361 баладан оң динамика байқалды. Оның ішінде 23 бала өздігімен жүре бастады.

Мүгедектікті тағайындаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін вице-премьер Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек министрлігінің жүйелерін интеграциялауды тапсырды. Жалпы, Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында әлеуметтік-еңбек саласын технологиялық трансформациялау бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.

Бөлісу