БҚО-дағы Шежін ауылында 14 көшеге асфальт төселді
Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Шежін ауылында барлық 14 көшеге тегістей асфальт төселді. Бұл ауданда елді мекендерінің түгелге жуығына кіреберіс және ауылішілік жол салынған.
Шежін ауылдық округінде мыңнан астам адам тұрады. Ауылішілік асфальт жол салуға, мәдениет үйін күрделі жөндеуге сметалық құжаттаманы жасау үшін бірлігі жарасқан ауылдың шаруалары қаржылай қолдау көрсеткен. Округ орталығында заманауи ветеринарлық пункт ашылған, жаңадан мал қорымы салынған. Екі пәтерлі 5 үй салынып, ел игілігіне берілген.
Оразғали Балмолдин, Шежін ауылының тұрғыны:
Еліміз көркейіп келе жатыр. Интернет те бар. Суымыз да бар. Барлығы да бар жағдайдың. Аталарымыз көрмей кетті бұл жақсылықты. Бұрын балшықта жүрдік. Мектебіміз бар, мәдениет үйі бар. Ауылымыз көркейіп келе жатыр ғой жылдан жылға. Балаларға ойнайтын жер ашылды.
Тасқала ауданында 9 ауылдық округтегі 28 елді мекеннің 98 %-ы газбен қамтылған. Биыл тағы бірнеше ауылға газ құбыры тартылады. Халықтың 96 %-ы орталықтандырылған таза ауызсумен қамтылған. Электр желілері жаңартылып жатыр. Енді тек Атамекен және Амангелді ауылдарына биыл қаражат бөлінсе, ауылішілік жолдары түгел жөнделмек.
Рауан Рахметуллин, Тасқала ауданы әкімінің орынбасары:
Өткен жылы облыстық бюджеттен 468 млн теңге қаржы бөлініп, Мереке ауылына кіреберіс жол және 1,2 км болатын ауылішілік үш көшені күрделі жөндеуден өткізген болатынбыз. Және Шежін ауылдық округі орталығының түгелдей 5,3 км ауылішілік жолын түгелдей күрделі жөндеуден өткіздік.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы