Басты Жаңалықтар Өзбекстанда халық санағы аяқталуға жақын

Өзбекстанда халық санағы аяқталуға жақын

Өзбекстанда жалпыұлттық халық санағы аяқталуға жақын. Тұрғындар мен ауыл шаруашылығы бойынша деректер жинақтау осы аптаның соңында бітеді. Алынған мәліметтер келешекте елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын болжау үшін пайдаланылады. Көрші елде халық санағы соңғы рет 1989 жылы өткізіліп, сол кездегі мәлімет бойынша тұрғындар саны 19,81 млн болған. Ал өткен жылы Өзбекстанда халық саны 38 миллион адамнан асты.

Араға аттай 37 жыл салып ұйымдастырылған шара 45 күнге созылады. Санақтың алғашқы екі аптасы онлайн өтті. Халық арнайы портал арқылы форманы электронды түрде толтырды. Статистика комитетінің мәліметіне сай онлайн санаққа 29 миллионнан астам адам қатысты, бұл тұрғындардың шамамен 81 % құрайды.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Біз қазір Ташкент облысының Озодлик деп аталатын махалласында тұрмыз. Дәл біз тұрған аудан орталығы Келесте 63 мәхалла бар. Ақпанның соңында аяқталатын санақ мұнда түгесілуге жақын. Халық өте белсенді дейді мәхалланың басшысы.

Бүгінде санақшылар үй-үйді аралап, онлайн өтпеген тұрғындарға сауалнама жүргізіп жатыр. Санаққа арнайы дайындықтан өткен 55 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылған. 71 сұрақтан тұратын сауалнама қорытындысына сай, маңызды демографиялық деректер жиналады. Осы арқылы халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалына болжам жасалмақ.

Шухрат Шойиров, Ташкент облысы Озодлик мәхалласының басшысы:

Бұл ауқымды мемлекеттік іс-шара, оның барысында көптеген ақпарат аламыз. Әрбір отбасына барып, ондағы адамдардың немен шұғылданып жатқаны, тұрмыс жағдайы мен өзге де мәліметті жинаймыз. Маңызды науқанға жастар мен қоғам белсенділері де атсалысуда. 

15 қаңтарда басталған халық санағы ақпанның 28 не аяқталады.   Сарапшылар жалпыұлттық санақ Өзбекстандағы әлеуметтік саясаттың одан әрі дами түсуіне жол ашады деп болжап отыр.

Симонетта Силигато, БҰҰ Жобалық қызметтер жөніндегі кеңсесінің (UNOPS) өкілі, халықаралық сарапшы:

Соңғы 30 жылда кедейлік деңгейі айтарлықтай төмендеп, экономика, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаларда тұрақты даму байқалады. Мұның барлығы халықаралық қаржы институттарымен серіктестік орнатудың арқасында мүмкін болды.

Ұлттық статистика комитетінің хабарлауынша, Өзбекстандағы жалпыұлттық халық және ауыл шаруашылығы санағының алдын ала қорытындысы осы жылдың 1 шілдесіне дейін жарияланады.


Бөлісу