Басты Жаңалықтар Бельгиялық университет қазақстандық оқу орындарымен ынтымақты күшейтпек

Бельгиялық университет қазақстандық оқу орындарымен ынтымақты күшейтпек

Бельгияның Гент университеті қазақстандық оқу орындарымен ынтымақты күшейтуге ниетті. Білім ордасының ғалымдары қазақстандық әріптестерімен білім, ғылымды бірге дамытып, өзара тәжірибе алмасуға құлшынып отыр. Бұл туралы университет басшылығы еліміздің Бельгиядағы Елшісі Роман Василенкомен кездесу барысында мәлімдеді. Қос тарап цифрландыру, жасанды интеллект саласында инновациялық жобаларды жүзеге асырмақ.

Екі ғасырдан астам тарихы бар Гент университеті Бельгиядағы ғана емес, әлемдегі үздік оқу орындарының бірі. Халықаралық беделі бар ғылыми зерттеу орталығында бүгінде 50 мыңнан астам студент пен ғалым білімін шыңдап, ғылыммен айналысуда. Соның бірі-Болыс Сәбитбек. Қазақ ұлттық унииверситетінің түлегі АҚШ, Ұлыбританияның жоғары оқу орындарын тәмәмдап, әбден шыңдалған. Қазір Гент университетінде ғылыми қызметкер. Математик дифференциалдық теңдеулерді зерттеп жүр.

Болыс Сәбитбек, Гент университетінің ғылыми қызметкері, PhD доктор:

Қазір жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Бірақ математикалық тұрғыда ол қалай жұмыс жасайды толық түсінбеген. Соны фундаменталды түрде қалай жұмыс істейтінін түсіну. Қазақстанда қазір біз лаборатория ашқымыз келіп жатыр. Қазақстандағы институт математикимен жұмыс істеп жатқанына он жылдан асты бірге. Қазіргі мақсат бірге PhD дайындау. Постдокторантураны сол жақта дайындап, жұмыс жасау.

 Болыстан бөлек мұнда тағы екі қазақстандық ғалым тағылымдамадан өтіп жатыр. Екеуі де робототехниканы, жасанды интелектіні елдегі шаруа қожалықтарына енгізуге күш салмақ. Осы уақытқа дейін отандық бес оқу ордасымен ынтымақ орнатқан Гент университеті Қазақстанмен академиялық ұтқырлықты әрі қарай бекемдеуге бейім.

Петра Де Суттер, Гент университетінің ректоры, профессор:

Былтыр қарашада Қазақстанға алғаш рет сапарлап, елдеріңіздің көзқарасына, амбициясына, әсіресе білім беру саласында қалай дамып жатқанына қатты таң қалдым. Бүгінде елдеріңізбен студент алмасу, бірлескен PhD және қос докторлық бағдарламалары жүзеге асырылуда. Енді ғылыми-зерттеуде ынтымақтастықты кеңейткіміз келеді. 

Роман Василенко, ҚР Бельгиядағы елшісі, Қазақстанның ЕО жанындағы тұрақты өкілі:

Қазіргі уақытта серіктестікті кеңейту үшін нақты жобалар қарастырылуда. Мәселен, Гент университеті мен Алматыдағы Математика және математикалық модельдеу институты арасында ынтымақтастық орнату жобасы талқылануда. Сондай ақ, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесіп PhD докторанттарды даярлау саласында ынтымақты күшейту бастамасы әзірленуде.

Қос тарап өкілдері биотехнология, ауылшаруашылығы, жасанды интеллект, цифрландыру салалаларында инновациялық жобаларды жүзеге асырмақ. Сондай ақ, кездесуге жиналғандар елдегі соңғы реформаларды да талқылады. Бельгиялық ғалымдар Қазақстанның ғылым, технология, адам капиталын дамытуға басымдық бергенін жоғары бағалап отыр. Және мұндай инвестиция өз жемісін беретініне сенімді.


Бөлісу