Басты Жаңалықтар Ақмола облысында жалпыұлттық коалиция мүшелері тұрғындармен кездесті

Ақмола облысында жалпыұлттық коалиция мүшелері тұрғындармен кездесті

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған жалпыұлттық коалиция мүшелері Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті. Әуелі Көкшетауда зиялы қауым, шағын және орта бизнес өкілдері, ақсақалдарға жаңа Конституция жобасын түсіндірді. Бір ғана «Болашақ» сарайында өткен отырысқа 400-ге жуық адам келіп, пікірлерін ортаға салды. Одан әрі Коалиция мүшелері кәсіпорындар мен шаруашылықтарды аралады. Жаңа Ата заң жобасында еңбексүйгіштік, прогресс пен білім мемлекеттің іргелі қағидалары ретінде бекітілгені сөз болды. Бұдан бөлек, туризм және спорт саласының мамандарымен кездесу өтті. Еске салайын, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы 13 ақпанда құрылды. Оған 5 саяси партия мен 300-ге тарта қоғамдық ұйым мүше.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, жалпыұлттық коалиция жетекшісі:

Жаңа Конституция жобасында Халық кеңесі институтын құру қарастырылған. Ол ең жоғары консультативтік орган болады. Яғни халықтың көпэтникалық үні айқындала түседі деген сөз. Осылайша, Ассамблеяның ұзақ жылдар бойы жиған тәжірибесін пайдаланып, өз бетінше заңнамалық күн тәртібін қалыптастыратын біртұтас құрылым қалыптасады.


Бөлісу