Басты Жаңалықтар Референдум күні барлығы 10 411 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді

Референдум күні барлығы 10 411 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді

Орталық референдум комиссиясы, 15-наурызда өтетін референдум бюллетенін жариялады. Бюллетенде бір сұрақ екі жауап бар. «Жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылады. Ал төменгі тұсында «Иә, қабылдаймын» және «Жоқ, қабылдамаймын» деген жауаптар бар. Әр азамат тек бір нұсқаны белгілеп, өз таңдауын арнайы кабинада құпия түрде жасайды. Жалпы алдағы референдумға дайындық қалай жүріп жатыр? Ернұр Медет жалғастырады.

Биылғы референдумда Конституция жобасының мәтіні барлық дауыс беру учаскесінде аудио форматта қолжетімді болмақ. Сондай-ақ көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған Брайль қарпіндегі арнайы трафареттер әзірленіп жатыр. Дауыс беру учаскелеріндегі пандустардың талапқа сай болуы тексеріліп, тактильді жолақтар және арнайы бейімделген кабиналармен жабдықталады.

Кенжеғұл Сейітжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Барлық өңірлер барлық мына мүгедектігі бар азаматтарға арналған Инватаксилерді біріншіден тегін, екіншіден оның санын көбейтілетіні жайлы айтты. Алдағы референдум барлық жағынан мүгедектігі бар азаматтарға дауыс беруіне, өздерінің Конституциялық құқығын орындауға мүмкіндіктер жасалады деп мен сенімдемін.

Алдағы республикалық референдумда ел аумағын және шетелді де қамтиды. Барлығы 10 411 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Оның 80-і Қазақстан елшіліктері жанында ашылса, 62-сі шет мемлекеттерде орналасады. Дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Ал әскери бөлімдерде, ауруханаларда және түзеу мекемелерінде егер тізімдегілердің барлық дауыс беріп үлгерсе, процесс белгіленген уақыттан бұрын аяқталуы мүмкін. Жалпы бүгінгі жиында барлық өңірлер референдумға толықтай дайын екенін айтты.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:

Референдум комиссияларындағы жергілікті атқарушы органдағы әріптестерімізге әдістемелік көмек көрсетілді және нақты практикалық ұсынымдар берілді. Учаскелік референдум комиссиялары өз жұмыстарына кірісті. Ертеңнен, яғни 24 ақпаннан бастап, 6-наурызға дейін қолдан келсе мен және орталық референдум комиссиясының мүшелері инспекциялық сапарлармен барлық 20 өңірге шықпақшымыз.

Орталық референдум комиссиясы 3 халықаралық ұйымнан және 5 шет мемлекеттен барлығы 21 шетелдік байқаушыны аккредиттеді. Олар дауыс беру барысында ашықтық пен әділдікті қадағалайды. Ал Референдумның қорытындысы жеті күннен кешіктірілмей жарияланады.


Бөлісу