Шекараға ЖИ-ге негізделген камералар орнатылады
Мерзімді әскери қызметтің жаңа әрі заманауи моделін қалыптастыруға бағытталған «Sarbaz+» жобасы іске қосылды. Жасанды интеллектке негізделген жүйе Алматы облысындағы гарнизонда таныстырылды. Жоба аясында әскерге келген жастар уақытын тек қызмет өткерумен емес, нақты мамандық үйренумен өткізеді. Олар заманауи техникамен жұмыс істеуді, байланыс құралдарын пайдалануды, дрон басқаруды және түрлі технологиялық бағыттарды меңгереді. Осылай сарбаздар әскери міндетін атқара жүріп, белгілі бір кәсіби дағдыларға ие болады. Сондай-ақ, шекараға жасанды интеллектке негізделген бейнекамералар орнатылады. Бақылау құрылғылары бейнені жазып қоймайды, арнайы бағдарлама арқылы жағдайды талдап отырады. Мысалы, күдікті қозғалысты, рұқсат етілмеген аумаққа кіргендерді немесе тәртіп бұзушылықты автоматты түрде анықтай алады, дейді мамандар.
Дәурен Қосанов, Қорғаныс министрі:
Бәрін көріп тұрады. Солдат қай жаққа кетті, қайда шықты. Қызыл линиядан шығып кетті ма? Сосын қай жерде қандай бұзықшылық шығып жатыр. Соның бәрі жасанды интеллект камералар көрсетіп тұрады. Біздің өзіміздің сетіміз локалдық. Бізге интернетке шығуға болмайды.
Қазіргі таңда әскери бөлімдерде жасанды интеллектке негізделген онлайн сервистер мен білім беру платформалары кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Ал ондағы жаңа технологиялар мен қауіпсіздік жүйелерін дамыту мәселесі Алматыда өткен «Заманауи форматтағы армия, әскери-патриоттық тәрбие» тақырыбындағы дөңгелек үстелде талқыланды. Бұл шешімдер әскери бөлімдердегі тәртіпті күшейтіп, сарбаздардың кәсіби даярлығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы