Жұрт дүр етті. Компания басында бұлғақтағанымен, артынан солай жасаған қызметкерлерін жұмыстан шығарғанын мәлімдеді.
Жанат ұлының тікелей басшысымен сөйлескен. «Роботпен сөйлескендей болдым» деп келе, «Ол біздің елге жақында келіпті, инклюзивті қоғам туралы дым түсінігі жоқ. Аутизмі бар адамдар өзгелермен тең дәрежеде еңбек ете алатынын естімеген де», – деген.
Айтып тұрмыз ғой, жұрт «кәнсілдеу» тәсіліне көшкен соң барып, компания Әлібекті жұмыстан шығармадық деп шықты.
«Басшылық қабылдаған шешімге сай, аймақтық басқарушылар Сергей мен Анастасия енді компанияда істемейді. Burger King Kazakhstan Қазақстан Республикасы азаматтарын сыйлауды білмейтін, қадір-қасиетін қорлайтын кез келген дискриминацияны немесе мәлімдемелерді үзілді-кесілді қабылдамайды», – деп жазды компания.
Бірақ мәселе әлі шешілмеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі араласа бастады. Әлібектің отбасына өтініш берудің тәртібін түсіндіріпті.
Енді мүгедектік рәсімдеуге байланысты мәселеге тоқталамыз. Иә, өтірік ақпарат беріп, мүгедектік рәсімдейтіндер бар шығар. Жоққа шығармаймыз. Себебі бюджет қаражатын жүйелі ұрлау таңсық емес.
Жаңа мысал: Түркістан облысының Байдібек ауданында білім бөлімінің басшылары, бухгалтерлері мен экономистері, жиыны 18 лауазымды тұлға жалпы білім беретін 49 мектептің қаражатын жүйелі түрде жымқырған.
Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті жүргізген. Мемлекетке келтірген залал 583 млн теңгеден асқан. Тергеу барысында күдіктілер шығынды толық өтеген.
Талқылайтын тақырыпқа оралайық: дегенмен мүгедектік белгілеудің логикасы темірдей ме?
Мысалы, қант диабетінің бірінші типіне шалдыққандардың «даты» бар. Бұл ауру әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен шығарылды. Ал бірінші типтегі қант диабетінің емі жоқ. Жазылмайды. Күн сайын инсулин егу керек. Қант мөлшерін үнемі бақылау керек. Ал мүгедектік алу үшін, біртүрлі естілсек те айтайық, ауру асқынуы тиіс екен...
Сонымен бірге диабетпен ауыратын адамдар МӘМС қатысушысы болмаса, өмірлік маңызы бар тегін дәрі-дәрмек ала алмайды. Олар үшін күніне бірнеше рет алатын инсулин – өмір. Инсулинсіз өмір жоқ.
Президент соңғы уақытта «қасиетті кітап» жоқ дегенді айтады. Мүгедектік беруге байланысты рәсімдер де «қасиетті кітап» емес.