Басты Жаңалықтар Е. Қарин: Жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысына жауап береді

Е. Қарин: Жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысына жауап береді

Жаңа Конституция жобасы – уақыт талабына сай жаңарған қоғамның құндылықтары мен басымдықтарын айқындайтын құжат. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты. Бүгін «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сарапшылар алаңында Конституциялық комиссия мүшелері мен қоғамдық ұйым өкілдері жаңа Ата заң жобасын талқылап, пікір алмасты.
Сарапшылар алаңында Ерлан Қарин жаңа Конституцияның өзегіне енген қоғам сұранысын атап өтті. Негізгі басымдықтардың бірі – экология, әйелдердің құқығын қорғау, дәстүрлі құндылықтар мен мемлекеттің зайырлы сипатын нақты әрі айқын түрде айшықтау. Конституция – жай ғана жоғары заңдық құжат емес, жаңа жоба ұлттық болмысымыз бен негізгі мәселелер бойынша табиғи түрде қалыптасқан қоғамдық келісімнің көрінісі, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Индира Рыстина, Н.Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры:
Жаңа Конституцияда әлеуметтік тұрғыдағы өзгерістер өте көп. Мысалы, неке деген ұғымның Конституцияда бекітілуі, оның анықтамасының берілуі, ер мен әйелдің құқықтарының теңестірілуі осы конституциялық деңгейдегі нормаларға шығып тұр.
Иә, жаңа Ата заң – адамды басты орынға қоятын, ұлттық дәстүр мен заманауи талаптар тоғысқан маңызды құжат. Ең бастысы, саяси архитектурамыз ауысып, жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз дейді сарапшылар. Мәселен, халықтың мүдделерін білдіретін жоғары деңгейдегі консультативтік орган – Халық кеңесі құрылады.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
Халық кеңесінің негізгі басты рөлі – бұл қоғам мен билік арасындағы диалогтің негізгі көпіріне айналайын деп отыр. Бұған дейін біз білеміз, Қазақстан халқы ассамблеясы, Ұлттық құрылтай болды. Бірақ бұл ұйымдардың айырмашылығы неде? Халық кеңесі Құрылтай іспеттес заңнамалық бастамаларды шығаруға мүмкіндік алып отыр.
Жаңа Конституцияда бір палаталы Парламент құру да ұсынылған. Бұл бюрократияны азайтып, заң шығару үдерісін жылдамдатуға бағытталған реформа. Бүгінгі жиында лоббизм мәселесі де талқыланды. Конституция бойынша партияларды шетелден қаржыландыруға тыйым салынды. Енді ішкі қаржыландыруды жүйелейтін уақыт келді дейді сарапшылар. Айта кету керек, референдумға ұсынылып отырған Ата заң жобасы жарты жыл талқыланып, Конституциялық комиссияның 12 отырысында талданды, белсенді азаматтардан келіп түскен 10 мыңнан астам түрлі ұсыныс та ескерілді.
Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы уақытқа дейін қоғам мен Президент тарапынан үлкен, ауқымды кеңесу әрекеттері жасалған. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін, Құрылтайды айтуға болады. Осылардың барлығының ой жинағы мен ойлаймын, осы Конституцияда көрініс тапты деп.
Иә, талқылаулар әлі жалғасып жатыр. Конституцияның жаңа жобасы, оған енген нормалар мен өзгерістер БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланып жүр. Дегенмен, барлық азамат ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды құжаттағы маңызды жайттардан шет қалмауы керек. Сондықтан халыққа Конституцияның мән-мағынасын түсіндіру үшін құрамына бес жетекші саяси партияның өкілдері мен миллиондаған азаматтың мүддесін білдіретін 300-ден астам қоғамдық ұйым кіретін Жалпыұлттық коалиция құрылды. Бүгінгі жиынның мақсаты да осы.

Бөлісу