Басты Жаңалықтар Абай облысындағы тозған мектептерді жаңарта бастады

Абай облысындағы тозған мектептерді жаңарта бастады

Абай облысында жарты ғасыр жөндеу көрмеген мектептер жаңғыртылып жатыр. Өңірде қазір 75 білім ошағы әбден тозған. Сондықтан, ескіргендерін жай ғана қалыпқа келтіріп қана қоймай, реновация жүргізіле бастады. Былтыр облыстағы тоғыз мектеп танымастай өзгеріп, жан-жақты дамытылды. Солардың дені Үржар ауданында. Заманауи кейіпке енген білім ошақтарын тілшіміз Ержан Жақып көріп қайтты.

Үржардағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп танымастай өзгерген.  «Қазақстан халқына қоры» бөлген 250 миллион теңгеге білім ордасы жөнделіп, материалдық-техникалық базасы толық жаңартылған. Заманауи кабинеттер, жаңа құрал-жабдықтар – бәрі оқушылар игілігі үшін.

Білім ошағында әсіресе жұмысшы мамандықтарға ерте бастан баулитын жаңа шеберханалар іске қосылды.

Құралай Несіпханова, оқушы:

Еңбек сабағы маған ұнайды. Мен кішкентай кезімнен көріп келе жатырмын, тігін тігу, тоқыма тоқу. Бұның барлығы көп нәрсе жаңарды десем болады. Бұрын осы ыдыстар осы шеберхана мүлде болмайтын. Сайыстарға келетін болсақ, әртүрлі сайыстар болып отырады.

Реновациядан өткен ауыл мектебінде физика, химия, биология, информатика кабинеттері жаңартылған. Сонымен қатар робототехника сыныбы, art-студия, STEM-зертханасы бар. Тіпті шағын телестудиясы жұмыс істейді.

Гүлнәзия Тұрдыбаева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

Интерактивті тақталар, компьютерлер барлығымен жабдықтады. Бұл біріншіден біздің мұғалімдерге сабақ беруді қызықты тиімді өткізуіне көмегі тиеді. Ал оқушыларға менің ойымша сабақтағы белсенділіктерін арттырды. Білім беруге деген ынталарын күшейтті деп санаймын.

Жалпы Үржар ауданында 33 мектеп бар. Соның он шақтысы күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Көпшілігі 60 жыл бұрын салынған. Аудандағы үш мектепте реновация жүргізілсе, алда тағы бірқатары жаңғыртылмақ.

Ержан Шәкеев, Үржар аудандық білім бөлімінің басшысы:

Ауданымызда осы реновация жобасына бес мектеп енгізілді. 2026 жылы Абылайхан орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге жобалық сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Оған қажетті қаражат бөлінді облыстық бюджеттен. Келесі жылы ол мектепке де күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Сол сияқты 27-ші жылы тағы екі мектебіміз бар.

Абай облысында тек биылдың өзінде ескіріп, материалдық-техникалық базасы тозған 26 білім беру мекемесін жаңғырту жоспарда.

Бөлісу