Басты Жаңалықтар Президент Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында сөз сөйледі

Президент Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында сөз сөйлеп, жаһандық тұрақтылық мәселелері бойынша нақты бастамалар көтерді. Ол жиынды ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс білдіріп, бұл алаңның формалды декларациялар қабылдайтын конференция емес, нақты шешімдер қабылдайтын құрылым екенін атап өтті. Айтуынша, бұл – көпжақты күш-жігерді біріктіретін жаңа формат. «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» қағидаты тек ұран емес, практикалық іс-қимылға негізделуі керек. Осы ұстаным Қазақстанның Кеңеске қосылуына негіз болған. Саммит барысында Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы жағдайға тоқталып, Қазақстан Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыруға және аймақты қалпына келтіруге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз.

Өз кезегінде АҚШ Президенті Дональд Трамп Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге қол ұшын созғаны үшін ұйымның алғашқы отырысына қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді. АҚШ Президенті Кеңеске қатысушы елдердің басшыларын таныстыру барысында Қазақстанды ерекше сипаттады.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

Президент Тоқаев, Қазақстан Президенті сізге көп рахмет! Бұл қандай ел десеңіз, бұл - керемет, әрі бай мемлекет. Бүгінгі кеңеске тек өте бақуатты адамдар қатысып отыр.


Бөлісу