Коалиция мүшелері жаңа Конституцияның негізгі бағыттарын талқылады
Жалпыұлттық коалиция мүшелері Алматы облысының тұрғындарымен кездесті. Басқосуға 500-ге жуық адам қатысты. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева бастаған делегация іс-шара барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын талқылады.
Жаңа құжатта елдің даму бағыты, қоғамның негізгі құндылықтары, билік пен халық арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейі айқын көрсетілген. Әсіресе бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісімге ерекше мән берілген, деді кездесуде сөз сөйлеген коалиция мүшелері.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
Бұл референдум ең бастысы, халықтың бірлігін нығайтуға, халықтың өз болашағына деген жауапкершілігін нығайтуға себеп болатыны сөзсіз. Біз өзіміздің әрі қарай қай жаққа барамыз, қалай дамимыз, біздің құндылықтарымыз қандай болады, біз неге негізделіп дамимыз деген сұрақтарға осы жаңа Конституция жауап береді.
Мәжіліс депутаттары Жаңа Конституция жобасын әзірлеу жұмысының ауқымы мен оның қоғамдық сипатына ерекше тоқталды. Мәдениет пен тарихи-мәдени мұраны қорғауға қатысты нормалардың алғаш рет нақты бекітілгені де атап өтілді. Ғылым, инновация, білім және цифрлық қауіпсіздікке де басымдық берілгені де айтылды.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл құжат өздігінен пайда болған жоқ. Оның әзірленуіне үздік ғалымдар, заңгерлер, экономистер мен сарапшылар, тәулік бойы нормаларды талдап, салыстырған жаңа буын кәсіби мамандар қатысты. Жоба қоғамдық талқылауға шығарылып, жарияланды, медиакеңістікте және әлеуметтік желілерде кеңінен сарапқа салынды.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, басты мақсат – халықтың ұсыныс-пікірін ескере отырып, әділетті әрі прогрессивті мемлекет құру. Жиын барысында жаңа Конституция жобасының негізгі нормалары түсіндіріліп, алдағы референдумның маңызы сөз болды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы