Қазақстан экономикасы дамыған 50 елдің қатарына енді
Қазақстан әлемдегі ең ірі экономикалық ел ретінде танылды. 2026 жылға арналған жалпы ішкі өнім көлемі бойынша рейтингте 50-орынға жайғасты. Бұл тізім Visual Capitalist Халықаралық валюта қорының болжамына сүйене отырып жасалған. Сол қор болжаған көрсеткішке жетсек, шетелден инвестор тарту мүмкіндігі арта ма? Елге қандай әсері бар? Тілшіміз сарапшылармен тілдесіп, жауабын іздеп көрді.
Экономикалық көрсеткіш бойынша ТОП-50. Бұл тізімге ену үшін 180-нен астам ел бақ сынайды. Рейтинг көшін АҚШ бастап тұр. Халықаралық валюта қоры олардың ЖІӨ көрсеткіші 31,8 триллион долларға жетеді деп болжайды. Екінші орында – Қытай, ал үздік үштікті Германия түйіндеген. Сарапшылар әлемдік экономикалық орталық біртіндеп Азияға ауысып жатқанын айтады. Әсіресе Үндістан жоғары өсім көрсетіп, Жапонияны ығыстырған. Ал Қазақстан 320 млрд ЖІӨ-мен 50-орынға тұрақтады.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Дамыған мемлекеттерді бағалауды 3 көрсеткіш бойынша анықтайды: ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы, білімнің қол жетімділігі, үшіншісі – адам өмірінің ұзақтығы. Осы мәселеде біз мынау ТМД-да өткен жылдан бастап 1-орынға шықтық. Яғни бізде жан басына шаққандағы ЖІӨ – 15 мың долларға жетті. Бұл мынау Түркия сияқты, Румыния сияқты, Шығыс Европа мемлекеттеріне жетіп алдық деген сөз. Енді оны Президентіміз тапсырғандай, 2029 жылға дейінгі 450 млрд-қа дейін жеткізетін болсақ, біз 40 мемлекеттің қатарына да қосылатын мүмкіндігіміз бар.
ЖІӨ көлемінің артуына тау-кен өндірісі саласы тікелей әсер етті. Сондай-ақ Қазақстан соңғы жылдары инвестициялық климатты жақсартты. Әрі логистика бағыты қарқын алды. Сондықтан Халықаралық қауымдастық қазір бізді бақылап, бағамдап отыр. Жұмыс осы қарқынмен жалғасса, 50-ден де жоғары көрсеткішке жетуіміз бек мүмкін, дейді сарапшылар. Ал экономикалық көрсеткіштің жақсаруы шетелден инвестор тарту мүмкіндігін арттырады. Ал инвестордың көбеюі халықтың әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер етеді. Жаңа жұмыс орны ашылады, кәсіп бастаушылар арасында бәсеке артады.
Ерлан Кәрімов, экономист:
Соңғы 5-6 жылда Қазақстанда экономикаға құйылатын қаражаттар бірнеше есе көбейген, яғни салалар бойынша айтатын болсақ, бұл бірінші кезекте білім саласы үш есе көбейген. Денсаулық сақтау саласы 3 есе көбейген, құрылыс саласы, одан кейін сауда, өндіріс 2-3 есе өсті деп айтуға келеді. Қазақстан 50 елдің қатарына емес, 40 елдің қатарына кіре алады. Алайда мұндай ЖІӨ-ді өсіру үшін біз кемінде 150 млрд доллар, тікелей шетелдік инвестиция тартуымыз керек.
Мамандардың пікірінше, қазір Қазақстан алдында 2 бағыт тұр. Біріншісі – батыс пен шығысты жалғайтын логистикалық қақпа. Екіншісі – елімізден шығатын сирек металлдар мен олардың шикізаттық базасын құру. Аталған екі бағыт та экономикалық көрсеткіштерді одан әрі жақсартуға сеп. Ал Халықаралық қауымдастық жыл соңына қарай әлемдік ЖІӨ 123,5 триллион доллардан асады деп болжап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы