Басты Жаңалықтар Президент Вашингтонда отандастарымызбен кездесті

Президент Вашингтонда отандастарымызбен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен АҚШ-тың Вашингтон қаласына барды. Ақорданың хабарлауынша,сапар аясында Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, бірқатар мемлекет басшыларымен және АҚШ-тың ресми тұлғаларымен кездесуі жоспарланған. Президент АҚШ-та тұрып, білім алып жүрген отандастарымызбен жүздесті. Кездесу еркін форматта өтіп, ашық пікір алмасуға ұласты. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан жастардың сапалы білім алуына, ғылыми ізденісіне және кәсіби дамуына жан-жақты қолдау көрсетіле беретінін айтты. Әңгіме барысында Президент алдағы наурыз айында өтетін жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдумның тарихи маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама елдің саяси жүйесін жаңғыртып, болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды қадам болмақ. Өз кезегінде студенттер мен жас зерттеушілер ғылым мен білім саласына көрсетіліп жатқан қолдау үшін ризашылық білдіріп, ел дамуына өз үлестерін қосуға дайын екендерін жеткізді.

Талғат Ақажанов, «Болашақ» бағдарламасының студенті:

Осында алған тәжірибемді ұштап, одан кейін елге қайтқанда магистранттарға, докторанттарға осы тәжірибемді берсем деген ойым бар. Біз енді осы Қазақстанда жасалып жатқан реформалардың жемісі деп санаймын. Соны айттым. Өте бір жылы сезімде болдық. Президентіміздің жылылығы, елдің жылылығы бізге өте білініп тұрды. Біз елде жүргендей әсерде болдық.


Бөлісу