Өзбекстанда экологтар аң-құсқа азық жеткізіп жүр
Өзбекстанның таулы аймақтарында өткен жылғы қуаңшылық салдарынан бұлақтарда су азайған. Шөптің шығымы да дұрыс болмай жабайы жануарлардың өз бетінше азық тауып жеуі қиындай түсті. Сондықтан экологтар қорықтарды мекен еткен аң құстарға азық жеткізіп беруді қолға алды.
Мемлекеттік қорықтарда инспекторлар із кесіп, жабайы жануарлар жүреді-ау деген аумақты шолуға кіріскен. Бұл бас аяғы 4 мың гектардай жерді алып жатқан Сурхан қорығы. Осы жерді мекендейтін төрт аяқтыларға орманшылар бума-бума шөпті шашып жүр. Сондай-ақ құрама жем, бірнеше тонна тұз да ала келген. Таулы аймақтарда елік, таутеке, жабайы қабан, сілеусін, борсық секілді жануарлар мекендейді. Қалың қар басқан тау ішінде көлік бара алмайтын орындар да өте көп. Табиғат жанашырлары ондай жерлерді жаяу кезіп аң құсты азықпен қамтуға кіріскен.
Шавкат Исламов, Экология комитеті орман және аңшылық шаруашылығын дамыту департаментінің маманы:
Мұндай бағыттағы жұмыстар мемлекет қорғауындағы барлық табиғи аумақта жүргізіліп жатыр. Ауа райы жылынып, көк шыққанша жабайы жануарларға азық жеткізуді жалғастыра береміз. Мақсат аң- құсты ашықтырмай қыстан аман алып шығу, олардың ұрпақ өрбітуіне жағдай жасау.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы