Басты Жаңалықтар Медицинадағы кешенді тексеру: 390 ұйым жұмысын тоқтатты

Медицинадағы кешенді тексеру: 390 ұйым жұмысын тоқтатты

Медицинада 390 ұйым жұмысын тоқтатты. Бұл жөнінде денсаулық сақтау саласының кеңейтілген алқа отырысында министр Ақмарал Әлназарова мәлім етті. Кешенді тексеру емдеу кабинеттеріне, стоматологиялық емханаларға, нашақорлықпен ауыратындарға арналған оңалту орталықтары мен I–II деңгейлі перзентхана ұйымдарына жүргізілген. Нәтижесінде былтыр  390 ұйым жабылып, жұмысын тоқтатты. 542 әкімшілік іс тіркелді. Салынған айыппұл 79 млн теңгеге жуықтайды. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі лицензияға қатысты. Фармацевтиканың ережелері мен біліктілік талаптарын сақтамайтындар да көп. Министр мұндай олқылыққа жол бермеу үшін  медицина сапасын жақсартып, басқаруды жетілдіру мақсатында 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленгенін жеткізді. Атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспармен бөлісті.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Соңғы 3 жылда ана өлімі  35%-ға азайды.  Ана өлімінің негізгі себептерінің бірі- экстрагениталдық аурулар. Олардың үлесі - 51%. Сондай-ақ жүктілікке алдын ала дайындық әлі де көбіне формалды түрде жүргізіліп келеді. Осы мәселелерді шешу үшін 2025 жылы бала туу жасындағы әйелдердің денсаулығын тексеріп, қауіп факторларын ерте анықтауға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде  дайындықпен қамту 14,5%-ға өсіп, 53%-ға жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 46 пайыз ғана болған.


Бөлісу