Түркия елшісі: Орта дәліздің мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет
Түркия Қазақстанмен сауда-саттықтың тамырына қан жүгірту үшін Орта дәліздің мүмкіндігін пайдаланбақ. Қазір екі ел арасындағы сауда айналымы 9 млрд доллардан асты. Бұл жайлы Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу Ұлттық арна тілшісі Темірлан Нұржанұлына берген сұхбатында айтып берді. Бірнеше жылдан бері Қазақстанда еңбек етіп жүрген дипломат екі халықты байланыстыратын құндылықтар турасында да маңызды ақпаратты бөлісті.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Елші мырза, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейін қалай бағалар едіңіз?
Мұстафа Капуджу, Қазақстан Республикасындағы Түркия Республикасының елшісі:
1992 жылы екіжақты сауда айналымы 50 млн АҚШ доллары еді. Бүгінде, өз деректерімізге сүйенсек, ол көрсеткіш 9 млрд АҚШ доллардан асты. Демек сауда-экономикалық қатынастарымызда өте елеулі өсім бар. Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыс барлық салада нығая түсті. Мемлекет басшыларымыз 2023 жылы екіжақты сауда көлемін 15 миллиард АҚШ долларына жеткізу жөнінде нақты мақсат қойған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін өзара қажетті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізбекпіз. «Орта дәлізді» жан-жақты қарастыруымыз керек. Энергия тасымалы мен тауар айналымы тұрғысынан Орта дәліздің маңызы күн өткен сайын артып келеді. Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі де Орта дәлізді жандандыру және оны тұрақты ету. Дәл осы бағытта Түркияда да қомақты инвестициялар салынды.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Қазақтар мен түріктер тамырлас туыс халық қой. Екі елдің салт-дәстүрі мен тұрмысынан қандай ұқсастық байқадыңыз?
Мұстафа Капуджу, Қазақстан Республикасындағы Түркия Республикасының елшісі:
Әрине ұқсастық өте көп. Өмірдің әртүрлі кезеңдеріне қатысты дәстүрлеріміз бір-біріне өте ұқсас. Адам дүниеге келгеннен бастап үйлену тойына дейінгі салттарымыз үйлеседі. Бұл ұқсастықтың түбі ортақ тарихымыз бен мәдениетімізде жатыр. Қонақ күту, сәлемдесу, сыйлық сыйлау – бәрі де бізге ортақ.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Осының бәрін ескерсек, Қазақстанға бейімделіп кету оңай болған шығар?
Мұстафа Капуджу, Қазақстан Республикасындағы Түркия Республикасының елшісі:
Біз өзімізді алғаш келгеннен бастап үйдегідей сезіндік. Сондықтан бейімделу қиын болмады. Анкарада қалай өмір сүрсек, Астанаға келгеннен кейін де дәл солай өмір сүре бердік.
Құрметті көрермен, Түркия елшісімен өткен сұхбаттың толық нұсқасын 19 ақпан сағат 14:15-де Ұлттық арнадан көре аласыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы